Шымкент қаласындағы Түркістан сарайында өткен концерттің соңы айқай-шуға ұласты. Бұл туралы ZTB Telegram-каналы хабарлайды.
12 маусым күні Шымкент қаласында тегін концерт өтуі керек еді.
Алайда адамдардың сөзінше, зал лық толы болғандықтан, артық адам кіргізбейміз деп есікті жауып алған. Ал сыртта қалып қойған адамдар бір-бірін итеріп, баса көктеп залға енуге әрекет жасаған.
Аталмыш оқиғаға қатысты белгілі заңгер Айгүл Орынбек: "Жастар деген күш! Мына қателікті кім жасаған?!
Миллиондық қала екенімізді біздің идеолог Шыңғыс Мұқан білмей ме? Әлде кітап сатудан қолы босамай жатыр ма? Дәл қәзір жастарды тегін концертке шақыру ақымақтық! Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігіне әлі де алаңдаулымын. Қаңтар төнкерісін ұйымдастырғандар мен оның жақтастары тегін концерт береміз деп осылай жастарды пайдалануы әбден мүмкін! Президент әкімшілігі, Ұлттық қауіпсіздік Комитет үлкен қалалардың идеологиясын басқарып отырған адамдарға мән беріңіздер! Мынандай саяси қателіктер болмауы керек!", деп алаңдаушылық білдірді.