$ 443.44  480.51  4.88

«Бруцеллез деп сау малды қырып жатыр»: Солтүстікте ауыл тұрғындары шу шығарды

Өтемақы алу үшін жанағы колбасный цехтардан справка сұрадық. Ол кісілер сендердің малдарың таза дейді.

Солтүстік Қазақстан облысы Аралағаш ауылының халқы ветеринарларға ашулы. Айтуларынша, олар бруцеллезге шалдықты деп сау малды қырып жатыр, деп хабарлайды Астана арнасы

Сонымен қатар тұрғындар түлікке төленетін өтемақыны да алмадық дейді. Төрт баланың анасы Сәния Нәбиева ұзақ жылдардан бері мал шаруашылығымен айналысады. 2019 жылы көп балалы отбасы мал басын көбейтуді көздеп, мемлекеттік бағдарлама арқылы 3 миллион теңге несие алған. Алайда, 11 сиырдың игілігін көре алмапты. Ветеринарлар түліктен бруцеллез ауруын тауып, оны қаладағы шұжық зауытына өткізуге мәжбүрледі, дейді. 2 жылдан бері өтемақысын төлемеген.

«Бруцеллез деп біздің сиырларды біртіндеп алып кетті. Енді біз өтемақы алу үшін жанағы колбасный цехтардан справка сұрадық. Ол кісілер сендердің малдарың таза дейді. Біз енді не істейміз? Сол міне екі жыл болды әлі қудалап жүрміз. Кредит енді төлеп жатырмыз. Ай сайын 100 мыңнан береміз», - дейді Аралағаш ауылының тұрғыны Сәния Нәбиева.

Аралағаш ауылында 2020 жылы 400-ге жуық қара мал болған. Халық бруцеллездің кесірінен соның төртінші бөлігінен айырылып қалғандарын айтады. Ветеринарларға әбден сенуден қалдық дейді. Себебі, жергілікті мамандар жасайтын сараптама қорытындысы, ет зауытында көп жағдайда расталмайтын көрінеді.

«Қан алған сайын расталады деп айта алмаймын. Өйткені, ана жолы бес малың ауру деп келді. Бес малдың екеуінде ғана бирка сәйкес келеді. Қалғанынікі келмейді. Менде жоқ ондай нөмірлер. Ал енді маған бес малыңды бер дейді», - деп түсіндірді Аралағаш ауылыынң тұрғыны Мұсат Мақажанов.

Ал ветеринарлар ет комбинатының мамандары әдетте малдың ішкі ағзасына қарайды, дейді. Ал қанның құрамында бар бруцеллез ішкі мүшелерге бірден әсер бермейтінін айтады. Сондықтан зауытта қоздырғыш расталмай жатады, дейді.

 «Мясокомбинатқа барар алдында олар алдын ала мясокомбинатпен келісімге отыру керек. Яғни сол бруцеллезге тән патологиялық белгілер болмаса, онда олар бұл етті өздері алып, басқа жерге шексіз сатуға еркін. Заң бұған рұқсат береді. Сойғаннан кейін 12 сағаттан кейін бұл етті шексіз пайдалануға болады», - дейді СҚО Ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов.

Жыл басынан бастап Аралағаштағы 21 ірі қарада бруцеллез анықталған. Күрделі сараптама кезінде індет расталса, ауылға шектеу шаралары енгізілуі мүмкін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#ауру #мал