$ 494.87  520.65  4.91

Әкімдіктен күдер үзген ауыл тұрғындары екі көшеге өз күштерімен асфальт төсеген

Келесі кезекте көшені жарықтандыру жұмысы тұр. Әкімдіктен қайран жоғын түсінген жұрт оны да өздері істеп алмақ.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Алматы облысы Қарасай ауданы Абай ауылының тұрғындары шаң басқан көшелеріне өз күштерімен асфальт төсеген. Бұл туралы осы ауылдың тұрғыны, журналист Гүлвира Биғалиева айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Nur.kz порталының жазуынша, Гүлвира Биғалиеваның 15 жылдан бері Абай ауылында тұрып келеді. Осы аралықта ауылдағы екі ұзын көшеге асфальт төселмепті. Журналистің айтуынша, көктем мен күз мезгілінде батпаққа айналатын жолдың жазда топырағы көтеріліп жатады. Бұл мәселені әкімдікке қанша айтса да, естір құлақ табылмаған, қояр құлық танылмаған. Содан кейін тұрғындар бірігіп, өз күшімен асфальт төсеп алып отыр.

«Екі ұзын көшеге асфальт төседік. 30 шақты отбасы бірікті. Арамыздағы үлкеніміз Айдос аға бас-көз болып, екі көшені асфальттап алдық.

Алматының іргесінде тұрсақ та, әкімдікке жолды жөндеу туралы өтініш айтқанымызға 15 жыл болыпты. Бірақ ауылымызға әкім болған адамдар жолды жөндемек түгіл, біздің сөзімізді тыңдаған емес. Айта-айта шаршаған соң, көршілер 50 мың теңгеден ақша жинап, асфальт төсеуді қолға алды.

Жігіттер жағы түнімен ұйықтамай, асфальт құйды. Осылайша, талай әкімге жалынып, жөндете алмаған жолды өзіміз жарқыратып қойдық», - дейді Гүлвира Биғалиева.

Осы орайда тұрғындар кеше асфальтталған көшенің қақ ортасына қой сойып, дастархан жайған. Келесі кезекте көшені жарықтандыру жұмысы тұр. Әкімдіктен қайран жоғын түсінген жұрт оны да өздері істеп алмақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары