Мәжіліс депутаты Владимир Божко әлеуметтік желіде «қазақ нацистеріне» қыр көрсеткен жазбамен бөлісті, - деп хабарлайды nege.kz. Онда батысшыл, тұраншыл және украинаға бүйрегі бұратын адамдарды бір ауыз сөзбен «нацистер» деп атаған. Сөзіне сенсек, енді бұларға тықыр таянбақ. Жазба авторы – Семен Уралов.
Назарларыңызға толық мәтінін ұсынайық:
«Қазақстанның нацистері, әзірлене беріңдер!
Ресейдің Бас прокуроры Игорь Краснов Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асыловпен кездесті: «Бұл туралы айту ыңғайсыздау. Бірақ маған ұдайы мынадай ақпарат түседі: «Украиндық үкіметтік емес ұйымдардың қолдауымен Қазақстанда да белсенді түрде русофобтық әрекет жасалып жатыр»...
«Экстремизм мен терроризмге қарсы тұру тәжірибесімен алмасуға біздің сарапшыларымыз шілде айында Нұр-Сұлтанға келеді».
Жақында барлық соросшылар, тұраншылар мен басқа да нацистерге қылбұрау салынады деген үміт бар.
Бірқатар қазақ саясаттанушыларына ленталарын барынша тазартып, бұдан былай қайдағы жоқ нәрсені жазбауға кеңес беремін», – деп жазған еді Семен Ураловтың блогында.
«Халық қалаулысы» Владимир Божко жерден жеті қоян тапқандай қуанып, бұл жазбаны өз парақшасында бөлісіп қойған. Десе де, қазақстандықтарға депутаттың мұнысы мүлде ұнамағаны байқалады. Репосттың астында наразылық білдірген жазбалар толастар емес. Ұзын-ырғасы мынадай:
«Репост не үшін жасалғанын түсінбей тұрмын. Бұл қазақтарға сес көрсеткенің бе?»
«Мұның ашық әрі айқын қауіп төндіру!»
«Мемлекеттік қызметте отырып, репост жасауы қазақ халқына айтқан рахметі ме?»
«Қазақтар ешқашан нацист болған емес. Біз соғысқа қарсымыз. Өмірдің өзі көрсетіп бергендей біз ең бейбітсүйгіш халықпыз. Бізді қорқытпай-ақ қойыңыз».
Қоғам наразылығынан кейін депутат жазбаны өшірместен, тек қана жұрт көзінен бұғаттап қойды.
Ал Ресейдің бас прокуратурасына арызданушылар кімдер, сонда? Қазақстанның азаматтары ма? Ол жағы анық айтылмаған. Осы бір елеусіз ғана оқиғаның астарынан Мәскеудің елдің ішкі ісіне араласуы, прокуратура сынды мемлекеттік құрылымдары арқылы да қысым көрсетуі анық көрініп қалды. Сөз ауанынан аңғарылатыны – еуразияшылдардан өзгелердің бәрі «нацистер». Сорақысы сол, мұны кейбір мәжіліс депутаттары қос қолдап қолдап отыр.
Қоғам белсендісі Арман Шораев бұл мәселеге қатысты Nege тілшісіне төмендегідей пікір білдірді:
– Божко – бұрыннан келе жатқан ватник, сепаратистердің бірі. Путиннің үгіт-насихатын қолдап отырған адам. Орыс әлемін аңсаушы. Аяғы – Қазақстанда, басы – Ресейде жүр. Ертең қазақтың басына күн түссе, Путинге жаққа шығып, коллаборационист болып шыға келеді. Өкінішке қарай, өзі де барып тұрған ұлтшыл. Кезінде «ауылдан келген қазақтарды Астанаға кіргізбеу керек» деп, мәлімдеме жасап, «таяқ» жеп қалғаны бар. Ол – көп жылдар бойы Ұлттық қауіпсіздік комитетінде басшылық қызмет атқарған адам. Өткен жүйенің қылмыстары үшін оны да жауапқа тарту керек. Қазіргі парламенттің өзі – өткен жүйенің көзі.
P.S. Мәжіліс депутаты В.Божконың өзі түк түсінбегендей сыңай танытып, наразы топқа: «Неге сонша дүрліктіңдер? Украинаның арнайы қызметінің арандатуын тоқтату үшін қажет бұл», – деп өтірік мүләйімсіп отыр.