$ 494.87  520.65  4.91

ҰБТ-да ақауы бар компьютер беріп, баланы сынақтан құлатқан

Ұлыма "хакерлік" жолмен бұзды деген айып тағып, тапсырған тест нәтижесін жойып тастапты. Екінші тестке кіру мүмкіндігінен айырған.

Ұлттық бірыңғай тестілеуде балаларға түсетін психологиялық ауыртпалық пен қысымға анау-мынау ересек те шыдас бере алмас еді. Оның үстіне қыспақ жыл өткен сайын күшейіп барады. Білім және ғылым министрлігі осыдан 3 жыл бұрын ҰБТ өткізу ережелеріне сұрапұл өзгерістер енгізді. Сол кезден бастап, билік жасөскіндерді ҰБТ-ға тек тыйым салынған заттарды алып өткені үшін ғана емес, тіпті алып өтуге талап жасағаны үшін тестілеуден аластай бастады. Бұл ауыр жаза қиянатқа ұласқаны байқалады, деп жазады Inbusiness.kz 

ҰБТ пунктіне кірерде түлектің қалтасынан қарапайым сымды құлаққапты тауып алып, сол үшін кіргізбей қойғанын жазған. Тараз қаласының тұрғыны Еркін өз баласына әділетсіздік жасалғанын айтып, шағымданады. Оның ұлы Еділ "125 Education" жалпы орта білім беру мектебін биыл бітірген. Содан 31 мамырда ҰБТ тапсырыпты.

"Ұлым тест тапсырып жатқанда компьютерде техникалық ақау болған. Мұны тест бақылаушылары көріп, білген. Компьютер тестілеушіні жүйеден шығарып жібергендіктен, бақылаушылар оны басқа компьютерге ауыстырған. Бұл ретте ұлымның компьютері техникалық ақауларға байланысты істен шыққандықтан, бақылаушылар ол жайында Нұр-Сұлтан қаласындағы орталыққа мәлімдейміз деп ескертеді. Алайда 16 маусымда ұлым өз профиліне кіріп көргенде, түсі бұзылып сала берді. Өйткені ұлыма "хакерлік" жолмен бұзды деген айып тағып, тапсырған тест нәтижесін жойып тастапты. Екінші тестке кіру мүмкіндігінен айырған. Бізге ешқандай дәлелдер, нақты айғақтар көрсетілмеді", – дейді Еркін.

Ол тест барысында ақау болғанын бірнеше бақылаушының өз көзімен көргенін алға тартады. Компьютер құл темір ғой, бұзылып тұрады.

Тараз тұрғыны әділдік іздеп, біраз жерге хабарласқан. Оған дәлелдерді тек 1 300 шақырым қиядағы елордаға барып, сонда қарай алатынын мәлімдепті.

"Алайда біздің Нұр-Сұлтан қаласына баратындай материалдық жағдайымыз да жоқ. Осындай әділетсіздікке ұшыраған әрбір отбасыны барлық өңірден астанаға жүгіртіп қоя ма сонда? Мен көп балалы және жалғыз басты әкемін. 4 балам бар. Үйімде ақылы негізінде оқитын 2 студент қызым бар. Тараз қаласында жалдамалы пәтерде тұрамын. Ұлым білімді, оқуда озат. Осы күнге дейінгі 2 ақылы ҰБТ-ны тапсырып, өз күшімен өте жоғары балл жинаған, бірақ грантқа түскісі келеді. Техникалық ақаулардың кесірінен ұлымның зардап шеккенін қаламаймын", – дейді Еділдің әкесі.

Ол баласын "хакерлік" шабуылға айыптауын негізсіз санайды. Оның білім деңгейі ешқандай алаяқтықсыз-ақ жоғары балл жинауға жететініне сенімді. Ол мемлекеттің өз қателігі, ақауы салдарынан ұлының арман-мақсатына, тағдырына, болашағына нұқсан келгелі тұрғанына қамығады.  
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары