$ 494.87  520.65  4.91

Дефолт дегеніміз не және Ресей рублінің қымбаттауынан не ұтамыз?

Мәселенің анық-қанығын белгілі экономист Мақсат Халықтан сұрап білдік.

Күні кеше Bloomberg агенттігі Ресейдің 100 жылда алғаш рет сыртқы қарыздары бойынша дефолтқа ұшырағаны туралы хабарлаған болатын. Көршілес елдің дефолт жариялауының арты неге алып келуі мүмкін және оның Қазақстанның экономикасына нендей әсері бар?

Мәселенің анық-қанығын белгілі экономист Мақсат Халықтан сұрап білдік. Сарапшының айтуынша, техникалық дефолт Ресей үшін аса қорқынышты нәрсе емес екен. 

"Бізге түсінікті «банкрот» деген сөз бар. Дефолт деп отырғанымыз соған синонимдес сөз, яғни төлем қабілетсіздік жағдайы. Мұндай жағдай кез келген жеке тұлғаның немесе банктың, қаржылық институттың, я болмаса, белгілі бір компанияның да басынан өтуі мүмкін. Ал мемлекет өзінің қарызын төлей алмай, төлем қабілетсіздік жағдайына жетсе, онда бұл дефолт деп айтылады. Мемлекеттік дәрежеде ол екі түрге бөлінеді: техникалық дефолт және жалпы дефолт. Техникалық дефолтқа елдің төлем қабілеттілігі бар, бірақ қарызын уақытылы төлей алмай қалуы жатады. Мысалы, сіздің несиеңіз болса, оны айдың 15 күні жабуыңыз керек делік. Бірақ сізге ақшаңыз (еңбекақы, табыс көзі) кешікітіріліп айдың 16 күні бір-ақ түсті. Демек, сіз несиені уақытында төлей алмай, техникалық дефолтқа ұшырадыңыз. Яғни, қарызды кешіктіріп төледіңіз. Ал, жалпы дефолт дегеніміз – төлем уақытыңыз келсе де, сіз оны мүлдем төлей алмайтын жағдайда қалуыңыз, ‒ деп түсіндірді экономист. 

Bloomberg агенттігі Ресей техникалық дефолтқа түскенін хабарлағанымен, Кремль: «Біз қарызды төледік, бірақ қаражатты жеткізу мәселесінде қиындықтар орын алды. Жіберілген ақша уақытында жетпей жатса, ол біздің кінәміз емес» деп отырғанын айтады сарапшы.  

«Техникалық дефолт көршілес мемлекет үшін қорқынышты нәрсе емес. Өйткені олар әлі де төлем жасауға қабілетті. Неліктен төлем жасауға қабілетті деп айтамыз? Себебі Ресей рублінің құнының артуына сол себеп болып отыр. Қазіргі таңда Ресейдің импорты азайып кеткен, өйткені өзге мемлекеттердің көбісі бұл елге тауар сатудан бас тартты. Ресейдің экспорты керісінше ұлғайып кеткен. Төлем балансы деген ұғым бар, бұл – импорт пен экспорттың айырмасы. Елдің сыртқа шығарып жатқан тауары келетін тауардан көп болып кетсе, онда сол елдің валютасы құнды болады. Яғни, Ресейде экспорты күшті жүріп тұрғаннан кейін рубль нығайю үстінде. Қазір мұнайдың бағасы қымбат болуына байланысты Ресейге доллар да, евро да өте көп келіп жатыр. Еуропалық одақ Ресейдің мұнайы мен газын пайдаланбаймыз деп эмбарго жариялаған, бірақ сонда да оның үштен екі бөлігін ғана қысқартамыз деп отыр. Яғни, толық бас тартқан жоқ. Сонда Ресейге келіп жатқан шетелдік валюта артығымен бар. Ал сол долларға Ресей тарапы сырттан бір тауар сатып алайын десе, оған шектеу қойып тастаған. Сондықтан қазір импорттық тауарларды ала алмай отыр. Сондықтан, Ресей төлем қабілетсіз күйде емес және осы жағдайға байланысты рублінің де құны қатты өсті. Әрине, өз кезегімізде, бұл қолмен реттеліп жатыр деп те айтып жатырмыз. Мәселен, Ресей: «мұнай мен газдан түскен табыстарыңыздың 75 пайызын бірден рубльге ауыстырыңыздар» деген талап қойған. Олар минералды ресурстарын доллар және еуроға сатады да, ішкі нарықтан сол валютаға рубль сатып алады. Сөйтіп рубльдің құнын арттырады», – дейді Мақсат Халық.   

Бұл жағдай Қазақстанға қалай әсер етеді дегенге келсек, экономисттың сөзінше, Ресейдің қазір техникалық дефолтқа ұшырап жатқаны бізге еш әсер етпек емес екен. Алайда рубль бағамының өсіп кеткені алаңдатарлық жайт.

«Мәселен, бұрындары доллар бағамының өскенін ғана көретінбіз. Өйткені доллар өссе, импорттық тауарлар қымбаттап шыға келетінін айттық. Ал қазір рубльдің де күш алып жатқанын байқап жатырмыз. Демек, бізге келіп жатқан Ресей тауарларының белгілі бір кезде бағасы өседі. Бұл енді халықтың төлем қабілеттілігіне кері әсерін тигізеді. Көптеген тауар қымбаттап, біразы дефицитке ұшырады. Мәселен, қанттың жырға айналғанын көріп отырмыз. Қалыптасқан жағдайлардың салдарынан Қазақстанның тартып отырған зиянды жақтары осы деуге болады. Халықтың төлем қабілеттігін нашарлатып, біздің елдің мүмкіншілік қабілетін түсіріп жатқан жайы бар. Бұл ұзаққа созылады. Себебі Украинамен арадағы соғыстың өзі қашан аяқталатыны туралы мардымды ештеңе айта алмай отыр. Тіпті, соғыс күзде тоқтаған күннің өзінде, Ресейге салынған санкциялар жыл соңында алынып тастайды деп те айта алмаймыз. Себебі өте көп шектеу қойылған. Оның бәрін алып тастайды дегенше, уақыт, жоқ дегенде, 1-2 жылға созылады», – дейді Мақсат Халық. 

Оның айтуынша, дәл қазір Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің қатарында болуының еш тиімділігі жоқ. Олай деуге себеп, соның салдарынан қарымта санкциялар Қазақстанға да салынуы мүмкін деген қауіп бар.
«Өйткені қазір Ресейдің бизнесі Қазақстанға қарай ойысып, бізге келуде. Өздеріне жетіспеген тауарларды реимпорт жасап, Еуропаның Қазақстанға сататын тауарларына біздің мемлекет арқылы тапсырыс жасап, өздеріне жеткізудің жолдарын қарастырып жатыр. Мұндай жағдай көп орын алса, әрине, Қазақстанның санкцияға ілініп кету қаупі бар. Қазіргі уақытта ЕАЭО-тың еш тиімділігі болмай тұрғанының себебі – одақтың ішкі өнімінің 90 пайызы санкцияның астында жатыр. Ресеймен қатар Белорусияға да санкция салынған. Ал Қазақстанның мұндағы үлесі 7 пайыз ғана, Қырғызстан мен Арменияның үлесі 3 пайыз. Егер әлемдік өркениеттен шегініп, орға түсіп бара жатса, біздің 10 пайыз үлесіміз құтқарып қалады деп айту қиын ғой. Керісінше 90 пайыз өзімен бірге тартып кетуі мүмкін. Еуразиялық экономикалық одақтың комиссиялары шығарған шешімдері, қойған стандарттары мен техрегламенттері бар. Солардың салдарынан біз көптеген тауаларды шетелден еркін алып келе алмаймыз. Барлығы ЕАЭО-тың жалпы стандарттарына сәйкес болуы тиіс. Сондықтан да қазір тапшы болып жатқан қантты өзге мемлекеттен өзімізге кіргізе алмауымыздың себебі – қанттың құрамы мен сапасы Одақ комиссиясының шешімдеріне сәйкес келуі міндетті. Қант қана емес, кез келген тауар осылай. Қазір Ресей нарығынан көптеген шетелдік компаниялар кетті ғой. Біз сол өнімдерді Ресейден тасымалдап ала беретінбіз: тұрмыстық техника, тұрмыстық химия заттары, т.б. Ал енді бұл тауарларды біз шетелден алып келеміз, басқа жолмен жеткіземіз дегенше жол шығындары пайда болды. Соның салдарынан тауарлар қымбаттап кетіп жатыр. Екінші жағынан, шетелден тауар әкелген күннің өзінде, оны Одақтың жалпы стандарттарына сәйкес болса ғана шекарамызға кіргізе аламыз. Бүгін осындай кедергілер алдымыздан шығып отыр. Сондықтан өз басым ЕАЭО-тың тиімділігін көріп тұрған жоқпын, керісінше зияны көп болып тұр», - дейді ол.

Осы проблемаларды айналып өтудің қандай жолы бар? Экономист биыл үкімет жанынан құрылған дағдарысқа қарсы  штабтың алғашқы 1-2 отырысын бақылағанымен, қазір олар үнсіз қалғанын айтады. Сондықтан «Үкімет қандай әрекет жасап жатыр және болашақта қандай да бір сын-қатерлерге дайын ба?» деген сауал сұрақ күйінде қалып тұр.

«Негізінде, әрбір тәуекелдің артынан қиындықтармен қатар ұтымды жағын көруге болады дер едім. Мысалы, Ресейдің тауарлары біз үшін қымбатқа түсіп жатқанда, отандық өнімдеріміз әлдеқайда арзанырақ шығуы мүмкін. Ендеше біздегі бизнесті дамытып, импортты алмастыратын өз тауарларымызды өндіруге көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік туған сияқты. Мысалы, елімізде үй бағасының шарықтап кетіп жататынының бір себебі құрылысқа қажетті арматура мен бетонның көп бөлігін Ресейден тасымалдаймыз. Енді рубльдің өсуіне қарай мұның бәрі қымбаттайды, бірақ арматура мен бетон сияқты өнімдер өзімізде де шығады ғой. Ендеше неге үкімет қазір көбірек осы салаға, өндіріс орындарын ашуға көңіл бөлмейді? Мұны қолға алса, белгілі бір дәрежеде өзімізді отандық өнімдермен қамтамасыз ете аламыз, үйдің шаршы метрінің бағасы арзандауына ықпалын тигізеді. Екінші жағынан Ресейге тәуелділіктен құтыламыз», - дейді ол.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары