Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзеев Қарақалпақстан Республикасының аумағында төтенше жағдай жариялау туралы жарлыққа қол қойды.
Бұл туралы Өзбекстан Президентінің баспасөз хатшысы Шерзод Асадов Telegram арнасында хабарлады. «Президент Жарлығымен азаматтардың қауіпсіздігін сақтау, олардың құқығы мен еркіндігін қорғау, заңдылықты қалпына келтіру және тәртіп орнату мақсатында Қарақалпақстан Республикасының аумағында 2022 жылдың 3 шілдесі күнгі сағат 00:01 минуттан 2022 жылдың 2 тамызы күнгі сағат 00:00-ге дейін төтенше жағдай жарияланды» делінген хабарламада.
Өзбекстан Ұлттық гвардиясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, ТЖ кезінде 21:00-ден 7:00-ге дейін коменданттық сағат болады. Қарақалпақстанға бару және ел аумағына шығу шектеледі. Адамдар жаппай қатысатын шараларға тыйым салынады. Комендатура бастығы болып Өзбекстан Ұлттық гвардиясының қолбасшысы Рустам Джураев тағайындалды.