Бас прокуратура ҚР Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев пен оның ұлы Әсет Матаевқа қатысты үкімге наразылық білдірді. Бұл туралы хабарлайды Ulysmedia.kz.
Журналистердің мүддесін қорғап жүрген белгілі қазақстандық адвокат Джохар Өтебеков Бас прокуратура оның өтінішін қанағаттандырғанын хабарлады.
«Ұзақ және қажырлы еңбектің жемісін көретін күн алыс емес секілді. Бас прокуратура істі ұзақ зерттегеннен кейін менің өтінішімді қанағаттандырды! Ведомство ҚР Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев пен оның ұлы Әсетке қатысты шығарылған әділетсіз үкімге наразылық білдірді. Жақында жоғарғы сот отырысы болады. Біз олардың ақталып шығатынына сенеміз!»- деп жазды адвокат әлеуметтік желіде.
Естеріңізге сала кетейік, Сейтқазы және Әсет Матаевтар – "ҚазТАГ" ақпараттық агенттігінің құрылтайшылары. 2016 жылы журналистер БАҚ-қа мемлекеттік тапсырысты орналастыруға бөлінген қаражатты ұрлады деп айыпталды.
Сейтқазы Матаев алты жылға, Әсет Матаев бес жылға бас бостандығынан айырылды. 2017 жылы Сейтқазы Матаев мерзімінен бұрын бостандыққа шықты.