Астана қаласының тұрғыны Айнұр Омар елордадағы «My Car» автосалонынан көлік алам деп, әділетсіздікпен бетпе-бет келгенін айтады. Оның сөзіне қарағанда, автосалон оған соғылған көлік сатқан. Ulysmedia.kz порталына өз мәселесін айтқан Айнұр ендігі кезекте сотқа жүгінгелі отыр.
Айнұр Омар күйеуімен 28 маусымда Нұр-Сұлтан қаласындағы Қабанбай батыр көшесінің бойында тұрған «My Car» автосалонында 20-80 бағдарламасы бойынша «Cherry Tigo 8 Pro» (қара түсті) автокөлігін рәсімдеген. Айтуынша, банк өкілдері де, автокөлік сатушылары да сол кезде қабылдау-тапсыру актісіне қол қоюын өтінген.
«Мәжбүрледі десе де болады. Көлікті көзбен көрмей, қол қоймайтынымды айттым. Автокөлік территорияда емес, «Mega SilkWay» тұрағында екен. Сатушымен бірге барып қарадық. Көлік түсі қара емес, сұр болып шықты. Біз білмедік, ондай-ондай болып тұрады деп, компания 200 мың теңге жеңілдік жасаймыз деді. Ойлана келе, 4 шілде күні алғашқы жарнаны бердік», - дейді ол.
Көлік сатып алушыға автосалон қызметкерлері көліктің 6 шілдеде дайын болатынын айтқан. Алайда алғашқы жағымсыз әсерден күдіктенген сатып алушылар көлікті алып шықпас бұрын тәуелсіз сарапшыны шақыртқан. Сарапшы толщинаметрмен өлшеп, жап-жаңа, салонда тұрған көліктің сол жағы соғылғанын, боялғанын көрсетіп, дәлелдеп берген.
«Оған дәлел болар видео, суреттер бар. 6 шілде басшылар демалыста деді қызметкерлер. Cherry Kazakhstan өкілдігінің pr менеджері Арнат бізден ресми жауап күтіңіз деді. 7 шілде күні «бұл біздің кінә емес, заводской брак, мен тайотада 5 жыл істегенде де сондай жағдай болып тұратын» деген жауап алдым. «Мен өз құқығымды қорғаймын, әлеуметтік желіге жүктеймін, ақпарат құралдарына хабарлаймын» деп едім, «жақсы» деп жауап берді. My Car филиалының директоры жұмыс орнында жоқ, орынбасары Дархан «Көлік Қазақстанда боялмаған, Қытайдан ресми жауап күтеміз» деді. Біздің күдік тудырған тағы бір факт келісім шартта көлік 25 шақырым ғана жүрілген болуы керек деп көрсетілген. Ал мен алмақ болған көлік (жап-жаңа) 59 км жүрілген. Ендігі қадам, ресми түрде кешірім сұрасын, ақшамды толық қайтарсын, және сотқа берем», - деп отыр Айнұр Омар.
Ulysmedia.kz порталының тілшісі «Cherry Nur-Sultan»-ның өкілі Арнат деген жігітке телефон нөмірі арқылы хабарласып көрген. Алайда «сіз ресми өкілсіз бе?» деп сұрақ қойғанымызда ол телефон тұтқасын қоя салып, қайтара қоңырау шалғанымызда көтермей қойды.
Ол көтермегенімен кейін Cherry Nur-Sultan компаниясының сату бөлімінің басшысы Дархан Амантайға хабарласқанбыз. Алайда ол Қытай тарапына сауалхат жолдағанын, жауап келмей, нақты ештеңе дей алмайтынын мәлім етті.
– Бұл сауда кезінде нақты кімнен кемшілік кетіп тұр?
– Мен оны сізге айта алмаймын тағы да, көрдіңіз бе?! Біздің компаниядан кемшілік кетіп тұрған жоқ. Екіншіден, қалай қағаз жүзінде дәлелденеді, көзім жетеді – сол кезде ғана комментарий бере аламыз.
– Сіздердің компанияларыңыз тарапынан кемшілік болған жағдайда сіздер сатып алушыға басқа көлік алып бересіз бе? Әлде, не істейсіздер?
– Сізге оны да айта алмаймын.
– Сіз бәрібір сатып алушыға алтерьнатива ұсынуыңыз керек қой?
– Түсініп тұрмын. Сіз қазір журналист болып тұрсыз ғой. Дұрыс па? Біріншіден, біз жағдайды толығымен шешіп алуымыз керек. Содан кейін альтернатива бола ма деген жағдай... Кеше демалыс күні. Бүгін бірінші жұмыс күні. Жұмыс күні осы жағдайды бізге түсіндіріп беріңіз деп сұраныс жібердік. Өйткені біз білмедік.
– Сонда сіздер көлікті сатқан кезде соғылмаған көлікті сатып жатқандарыңызға көз жеткізбегенсіздер ме?
– Мен тағы да айтып тұрмын сізге. Комментарийді жауап келгеннен кейін ғана бере аламыз.
– Жақсы, ендеше толық комментарий келген кезде осы нөмірге хабарласуыңызды өтінемін.