$ 494.87  520.65  4.91

Теңіз кен орнында қайтыс болған екі жұмысшының несиесі жабылады

Жарылыстан қайтыс болған екі жұмысшының да жасы 37-де болған. «Сенімді құрылыс» ЖШС олардың отбасына материалдық көмек көрсетеді.
Фото: businesswire.com
Фото: businesswire.com

Теңіз кенішіндегі жарылыстан қайтыс болған екі жұмысшының несиесі жабылады. Бұл туралы «Сенімді құрылыс» компаниясының өндірістік қатынастар жөніндегі менеджері Гүлмира Батпанова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Екі әріптесіміз қайтыс болған қайғылы жағдай бізге ауыр тиді. Марқұмдардың отбасына қайғырып көңіл айтамыз. Біздің компанияда мұндай оқыс оқиға бірінші рет тіркеліп отыр. Қайтыс болған екі әріптесіміздің отбасына барлық көмекті көрсетеміз. Қазір «Теңізшевройл» ЖШС мен облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының қызметкерлері кірген бірлескен комиссия құрылды. Дәл қазір жарылысқа не себеп болғанын айта алмаймыз. Тексеру комиссиясына қажетті құжаттардың бәрін бердік», - деп хабарлады Гүлмира Батпанова.

Оның айтуынша, жарылыстан қайтыс болған екі жұмысшының да жасы 37-де болған. «Сенімді құрылыс» ЖШС олардың отбасына материалдық көмек көрсетеді.

«Компания марқұмдарды соңғы сапарға шығарып салуға жұмсалатын барлық материалдық шығынды өз мойнына алды. Сонымен қатар, олардың барлық қарыздары мен несиелерін жабу, балаларының оқу ақысын төлеу туралы шешім қабылданды. Бүгін қажетті ірі қара мал сатып алуға 500 мың теңгеден қаржы апарып бердік. Алдағы уақытта бұл отбасыларға көмектесуді міндетімізге аламыз», - деді Гүлмира Батпанова.

Қазір «Сенімді құрылыс» ЖШС-нің өндірістік нысанындағы жұмыс ішінара тоқтатылған. Жұмысшылар үйіне жіберілген. Қайғылы оқиға вахталық ауысымның аяқталуына екі күн қалғанда болған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Теңіз кен орнында жарылыс болып, екі адам қаза тапқанын, кейін зардап шеккендерге материалдық көмек көрсетілетінін жазған едік.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары