Елорда әкімі Алтай Көлгінов LRT жобасын қалай болғанда да аяқтау керек деп есептейді, деп хабарлайды Экспресс К.
Әкімнің айтуынша, еліміз LRT қарызын 5 жылға дейін қайтаруға міндетті.
«Біз қазір LRT құрылысына алған қарызды қайтарып жатырмыз. Осы уақытқа дейін бұл жобаға шамамен 1 миллиард доллар жұмсалды. Сондықтан кері қайтатын жол жоқ. Енді LRT-ні аяқтау үшін тағы 577 миллион доллар қажет», — деді әкім.
Оның айтуынша, қазіргі кезге дейін салынып қойған бағандарды қиратып, алып тастауға қыруар ақша кетеді. Тіпті бұған дейін осы жұмысты тегін істеп беремін деген BI Group компаниясы ат тонын ала қашқан.
«Бетон бағандары өте сапалы. Әрқайсысының салмағы 200-220 тонна. Оларды алып тастауға 20 миллард доллар кетеді. Мұндай ақшаны естіген компаниялар ұсыныстарынан бас тартты. LRT пайда әкелетін жоба емес, ол халыққа арналған қоғамдық көліктің бір түрі», — деп түсіндірді Алтай Көлгінов.