Педагогикалық университеттің 19 жастағы студенті көпқабатты тұрғын үй кешенінің жетінші қабатынан құлап кете жаздаған екі жасар баланы аман алып қалды.
Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға 21 шілде күні 18 қабатты «Алтынбұлақ» тұрғын үй кешенінде болған.
Құтқарушыларға оқиға куәгері Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Ермекбай Тамабаев хабарласқан. Оның айтуынша, кішкентай бала жетінші қабаттағы өрт баспалдағының қоршауына қысылып қалған.
«Баланың басы темір торға қысылып қалған. Денесі мен қолы сыртта, салбырап тұрды. Құлап кетуі мүмкін еді», - дейді куәгер Ермекбай Тамабаев.
Қолындағы бір жасар баланы тастап кете алмаған 67 жастағы қария көмекке үйдің кіреберісінде тұрған жастарды шақырған.
«Көмекке бір жас жігіт жүгіріп келді. Абырой болғанда, кішкентай баланы аман алып қалды», - дейді ол.
Ермекбай Тамабаев қайсар студентке алғысын білдірді. 19 жастағы жас қаһарман Махмуд Ерасыл Архатұлы - Абай атындағы педагогикалық университеттің дене шынықтыру факультетінің студенті екен.