23.07.2022, 05:20

«Керек болса қазақша сөйлейтін жерге барыңыз»: Алматыдағы кафелердің бірі белгілі экономистке қызмет көрсетпей қойған

Мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді сұрағаны үшін экономист, профессор Атамұрат Шәменовты кафеден шығарып жіберген, деп хабарлайды Skifnews порталының тілшісі. Экономист әлеуметтік желідегі парақшасында кафеге қатысты шағым айтты.

– Алматының Әузов ауданында Бауыржан Момышұлы көшесінің бойындағы “Спутник” кешеніне қарсы орналасқан “Узбечка” деген кафе бар екен. Кірсең отыра қалып тамаққа тапсырыс беруің керек, біреуді күтуге рұқсат жоқ, қазақша сөйлемейтін кафе, неге қазақша сөйлемейсіндер десең, “біз сөйлемейміз, керек болса қазақша сөйлейтін жерге барыңыз” дейді, – деп жазды Атамұрат Шәменов.

Оның айтуынша, зал меңгерушісі түрі шығыс келбетіндегі әйел екен.

– “Мен қазақ емеспін, қазақша білуге міндетті емеспін” деп тақ ете қалды. Бұл қоғамдық орын мен тұтынушы ретінде қазақ тілінде тапсырыс қабылдаңыз десем, қысқа “жоқ” деп қайырды. Сәлден кейін “сізге қызмет көрсетілмейді” деп мені кафеден шығарып жіберді. Менің түйгенім бұрынғы Елбасының интернационализм саясатының жемісі диаспоралардың мемлекетті менсінбеуіне әкелгені. Алматы қаласының әкімдігі, аудандар Жаңа Қазақстан құруға талпынысы мардымсыз, сондықтан менің сөзімнің шындығын білгісі келетін журналистерге осы кафеге баруларына кеңес беремін. Тіл комитеті, кәсіпкерлікпен айналысатын басқармалар, прокурорлар қайда қарап отыр? SOS!!!", – деп жазды ол.