Жамбыл облысында атасы мен немересі Талас өзеніне батып кетті. Ер адамның денесі табылғанымен, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері 7 жастағы қызды іздестіріп жатыр.
Жамбыл облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға куәгерлері егде жастағы ер адамның денесін өзеннің Жасөркен ауылына кіре беріс жерінен шығарып алған.
— Куәгерлер 61 жастағы ер адамның денесін судан шығарды. Сағат 17:50 шамасында ТЖД қызметкерлері 2015 жылы туған қызды іздестіре бастады. Қыз бала сағат 17:10 шамасында суға батып кеткен көрінеді, — делінген хабарламада.
Атасы мен немересі жабдықталмаған жерде суға түскен. Қыз баланы кеш батқанға дейін іздеді. Іздестіру жұмыстары ертең таңертең қайта жалғасады. Бүгін қызды іздеу үшін бес құтқарушы жұмылдырылды.