Бұдан былай елімізде бір жылдың ішінде 5-тен көп әкімшілік құқық бұзушылық жасаған жүргізушілер айыппұлды 50 пайыз жеңілдікпен төлеу құқығынан айырылуы мүмкін.
Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев мәлімдеді.
«Биылғы 11 шілдеде Мемлекет басшысы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы Заңға қол қойды. Заң осы жылдың 9 қыркүйегінде күшіне енеді. Түзетулермен көлік құралын мемлекеттік нөмірсіз қайта басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктің жаңа құрамы енгізілді. Онда 20 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде өндіріп алу немесе көлік құралдарын басқару құқығынан 1 жыл мерзімге айыру көзделген. Бұрын мұндай норма болмаған», - деді ол.
Мұратәлиевтің сөзінше, бұдан бөлек, көрінеу жалған немесе жалған мемлекеттік нөмірлері бар көлік құралын басқару үшін жауапкершілік күшейтілді. Айыппұл түріндегі жаза алынып тасталды. Енді аталған құқық бұзушылық үшін тек 1 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру және 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қолданылады. Бұған дейін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 1 жыл мерзімге басқару құқығынан айыру қарастырылған болатын.
«Сонымен қатар, қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі қала сыртындағы трассаларда орташа жылдамдықты арттырғаны үшін көлік жүргізушілерін жауапкершілікке тарту мүмкіндігін көздейтін түзетулерді пысықтап жатыр. Күнтізбелік жыл ішінде 5 реттен көп әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлғаларға 50 пайыз жеңілдікпен айыппұлды төлеу мүмкіндігін болдырмау көзделуде», - деді Жандос Мұратәлиев.