$ 494.87  520.65  4.91

«Қант құны 600 теңге болуы қажет» - министр

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қантты әділетті бағамен сатпаудың салдарынан дүрбелең туындап, қантқа деген сұранысты шектен тыс арттырып жібергені туралы уәж айтты.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қанттың әділетті бағасы неше теңге болу керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мысалы, қант құрағының құны - шамамен 476 АҚШ доллары. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Логистика шығындары 110 АҚШ долларынан 290 АҚШ долларына дейін 2,6 есе өсті. Аталған фактілер отандық қант зауыттарында құрақ қантының өзіндік құнының қымбаттауына алып келді. Бүгінгі таңда зауыттар 1 килограмм қантты 450 теңгеге сатады. Бұл ретте 15% көтерме және бөлшек сауда үстемесін ескере отырып, қант құны шамамен келісіне 595-600 теңге болуы қажет», - деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, ол қантты әділетті бағамен сатпаудың салдарынан дүрбелең туындап, қантқа деген сұранысты шектен тыс арттырып жібергені туралы уәж айтты.

«Жекеленген әкімдіктер қантты өзіндік құнынан төмен бағамен сату фактілері де болған. Мысалы, Павлодар облысының тұрақтандыру қоры қантты 448 теңгеге сатып алып, 416 теңгеге, ал Қызылорда облысы 450 теңгеге сатып алып, 370 теңгеден қант сатқан. Алматы облысында қанттың бір келісін 276 теңгеден, Ақтөбе облысында 363 теңгеден, Маңғыстау облысында 400 теңгеден сатқан. Әкімдіктер тарапынан осы іс-әрекеттер дүрлікпе сұраныс пен әлеуметтік шиеленістің туындауына әкеп соқтыруда», -дейді Ербол Қарашөкеев.

Еске салсақ, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қант тапшылығын реттей алмаған Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялаған еді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары