$ 494.87  520.65  4.91

«Алматыда тіркелетін қылмыстың 70 пайызын басқа өңірден келгендер жасайды» – Салтанат Әзірбек

Олар көбінесе бөтеннің дүние-мүлкін ұрлау, қалта ұрлығы, пәтер тонау қылмысына барады.
Фото: ашықдереккөзден
Фото: ашықдереккөзден

Алматы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек бұл туралы NEGE сайтына шыққан сұхбатында мәлімдеді. 

Алматы қаласында құқықтық саясатты іске асыру, халықтың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын қалыптастыру жөніндегі сұхбаттан үзінді: 

– Алматы – ірі мегаполис. Оның үстіне басқа өңірлерден жұмыс іздеп келіп, тұрақтап қалғандар көп. Бүгінде шаһарда қылмысқа қарсы іс-шаралар қалай жүріп жатыр? Қылмыстық оқиғалар негізінен қандай ортада жиі тіркеледі?  

– Шын мәнінде, Алматы – жан-жақтан жайлы өмір іздеп келгендердің ордасы. Алматы – еліміздегі алып мегаполис. Жоғары оқу орындарының көбі осында шоғырланған. Қаржылық ұйымдар да осында. Алматы қаласында тіркеліп жатқан қылмыстың 70 пайызы басқа өңірден келгендердің қолымен жасалады. Сондықтан да қылмыстық жолмен нан табамын деушілердің қарасы басым. Олар көбінесе бөтеннің дүние-мүлкін ұрлау, қалта ұрлығы, пәтер тонау қылмысына барады. 

Бұдан бөлек көші-қон заңнамасын бұзатындар да жетерлік. Осы жылдың басынан бері ірі шаһар Алматыда ҚР көші-қон заңнамасын бұзудың 15 мың 904 дерегі анықталды. 4 мың 182 іс бойынша шетел азаматтары жауапкершілікке тартылды. Сот шешімдерімен 310 шетелдік Қазақстан Республикасынан шығарылды, жеке басын куәландыратын құжаты жоқ 673 шетел азаматы қабылдап-тарату бөліміне орналастырылды.

 Сонымен қатар, 2022 жылдың 6 айында еңбек иммигранттарына жеке адамдарда жұмыс істеуі үшін 34 мың 162 рұқсат қағазы берілді және ұзартылды. Қазіргі уақытта заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу және шетелдіктерді азаматтық-процессуальдық тәртіпте елден шығару жұмысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, бөлімшеде Алматыда жыл басынан бері «Келімсек» және «Нелегал» екі республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді. 

Мұнымен қоса дәл қазір алаяқтық жолмен ақша табу дерегі көбейіп кетті. Соңғы 2-3 жылда, яғни коронавирус індетінің салдарынан күнделікті өміріміз онлайн форматқа көшкені рас. Қала тұрғындары азық-түлікке де, дәрі-дәрмекке де, киім-кешекке де интернет арқылы тапсырыс беретін болды. Осындай ұрымтал сәтте алаяқтар да қаптап жатыр. Қазіргі дейін қаншамасы ұсталды.

Соған қарамастан, келесі бір адам осы алаяқтық жолға түседі. Ал кейбір азаматтар сақтық шарасын ескере бермейді. Мәселен, танымайтын адамға өзі туралы жеке мәліметін беріп, өзіне тиесілі банк есепшотын жария етіп, қылмыскердің жетегінде кетіп қалады.

Тіпті, тағы біреулер баспанасынан айрылып жатады. Ол ол ма, тірнектеп жиған-тергенін алаяқтың қолына ұстата салатын жағдайлар да жоқ емес. Тұрғындарды сан соқтырып кеткен алаяқтық дерек жиілеп кетті. Жалпы, алаяқтық әрекеке баратын адамдар бәрін алдын ала зерттейді, анықтайды. Сондықтан бөтен адамға жеке басыңызды куәландыратын құжаттарыңызды беруден сақ болған жөн. Ал қылмыстық оқиғалар қандай ортада жиі тіркеледі дегенге тоқталсам, олардың көбі бұрын-соңды сотталған, ішкілікке салынған азаматтар.

Бір-бірімен бөтелкелес болып, жанжалдасып, мұның арты төбелеске ұласады. Кейде бір-біріне пышақ жұмсап, қару кезеп, өлтіріп алады. Яғни, сотталып, бостандыққа шыққан азаматтар тиісті нәтиже шығармай қайтадан қылмыспен қолын былғап жатады. Сондықтан оларды әркез қадағалауда ұстау үшін учаскелік инспектор тарапынан да жұмыстар атқарылады.

Мысалы, жазасын өтеп шыққан азамат үйіне оралған кезде учаскелік инспекторға дабыл түседі. Сосын учаскелік инспектор сол азаматтың дұрыс жолға түсуіне бірден-бір септігін тигізеді. Әрине, жұмысқа орналасқысы келген азаматқа қолұшын беруге болады. Ал дұрыс жолды таңдамай, баяғы әдетіне салынып кетсе, оны ешкім мәжбүрлей алмайды.

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары