Өскеменде жанармай құю станциясы маңында жарылыс болып, 42 жастағы ер адам көз жұмды.12 жастағы баланың денесін күйік шалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің дерегінше, оқиға 28 шілде күні сағат 08.52-де Өскемендегі Промышленная көшесінде орналасқан ЖҚС аумағында болған.
«Жанармай құюға арналған бөшкелерді тазалау кезінде ауа қосындысы жарылды. Соның салдарынан 12 жастағы жеткіншектің денесін термиялық күйік шалды. Қазіргі уақытта ол ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Оқиға орнына шұғыл келген ТЖД құтқарушылары бөшке ішінен 42 жастағы ер адамның денесін алып шықты», - делінген полиция хабарламасында.
Алдын ала мәлімет бойынша ол резервуарды тазалаған. Оған 12 жастағы туысы көмектескен. Жазатайым оқиғаның себебі анықталуда.