$ 444.32  473.33  4.76

Тасаттық берген маңғыстаулықтардың тілегі қабыл болды: Ақтау көшелерін су басты

Басылым дерегінше, нөсерден кейін 5-ықшамаудандағы ағаш құлап, электр желісіне байланысты ақаулар пайда болған.

Ақтауда жауын-шашын салдарынан көшелер мен "Сары базарды" су басты. Қала тұрғындары табиғи апаттың салдарын видеоға түсіріп алған. Қалалық әкімдік коммуналдық қызметкерлер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады, деп жазады Lada.kz.

Нөсерден кейін 5-ықшамаудандағы ағаш құлап, электр желісіне байланысты ақаулар пайда болған. Ал 14-ықшамаудан тұрғындары жарықсыз қалдық деп шағымданған.

Су басқан жолдан автокөлік иелері нөмірін жоғалтып жатыр екен. Ал таксистер ауа-райының қолайсыздығын пайдаланып, бағаны өсіріп жіберген дейді жұрт.

Одан бөлек нөсерден "Сары базардағы" сауда нүктелерінің жанында "өзен" пайда болған. Ақтау әкімдігі басылымға коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлаған. Қызметкерлер түні бойы қатты жауын-шашынның салдарын жою жұмыстарын жүргізген.

Mangystaumedia.kz сайтының хабарлауынша, бір тәулікте түскен жауын-шашын мөлшері бір айлық нормамен теңескен. Облыстың батыс бөлігінде бір күнде 13 мм-ге дейін жауын-шашын түсті, ал норма бойынша жауын шашынның айлық  мөлшері -10-13 мм болуы тиіс екен.

Қала көшелерінде су сору жұмыстары жалғасуда. Ақтау әкімі тұрғындардан шыдамдылық танытуды сұрайды. Қазіргі уақытта қала аумағы бойынша 25 мың текше метр су сорылды.

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары