Жолбарыстар Қазақстанға 2025 жылы оралады. Мұндай мәлімдемені 29 шілдеде халықаралық жолбарыстар күніне орай Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде айтылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“29 шілде халықаралық жолбарыстар күні. 20 ғасырдың басында жер бетінде тоғыз түршеге жататын 100 000-ға жуық жолбарыс өмір сүрді. XXI ғасырдың басына қарай олардың 3,5 мыңдайы ғана қалды. Тұран жолбарыстарының соңғы өкілдері 1970 жылдары жоғалып кеткен.
Бүгінгі таңда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балқаш өңіріндегі жолбарысты қалпына келтірудің 15 жылға есептелген бағдарламасын әзірледі. Мұның ішіне мекендеу орындарын дайындау, жолбарыстарды жабайы табиғатқа жіберу және бағдарламаның сәттілігін бақылау секілді жұмыстар кіреді. Қазақстан табиғатында алғашқы жолбарыстар 2025 жылы пайда болуы мүмкін”, - деді министрліктің қоғаммен байланыс департаментінің директоры Олжас Беркінбаев өзінің Facebook парақшасында.
Жолбарыстар мекен ететін 415 мың гектардан астам Іле-Балқаш қорығы 2018 жылы пайда болды. Беркінбаев бұл аумақтың ерекше қорғалатынын атап өтті. Қазіргі уақытта биотехникалық шаралар арқылы қабан, құлан, қарақұйрықтардың тығыздығын арттыру, сонымен қатар мұндағы Бұқар бұғы популяциясын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Дайындық жұмыстары аяқталғанда, экожүйе жолбарыстардың өміршең популяциясын қамтамасыз ете алады.
Еске салайық, 2010 жылы халықаралық жолбарыстар саммитінде Қазақстан Тұран жолбарысының популяциясын Орталық Азияға қайтаруға дайын екенін мәлімдеген болатын. Ал 2017 жылы Қазақстан мен Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) арасында жолбарысты Іле өзенінің атырауы мен Оңтүстік Балқаш өңіріне қайта интродукциялау бағдарламасын жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойылды.