$ 494.87  520.65  4.91

Қорқынышты Хаги Ваги, Киси Миси ойыншықтары балалар мінезіне қалай әсер етеді?

Ал қазір дәл осы қорқынышты ойыншықтардың жарнамасы жер жарып тұр. Сатылымы да өте көп.

Түрі бала түгілі, ересек адамдардың өзіне үрей ұялататын құбыжық ойыншықтардың саудасы қызып тұр. Ал осындай ойыншықтар қайдан пайда болды? Оның балалар психологиясына қандай әсері бар? Экспресс К тілшісі балалар психологынан сұрап білді.

Құбыжық Хаги Ваги мен Киси Миси компьютерлік ойынның персонаждары. Ойынның сценарийі бойынша олар жағымсыз кейіпкер. Түрлері де ұсқынсыз. Тістері ырсиып, денелерін түк басқан. Бірақ соның өзінде небәрі бір жыл бұрын шыққан ойын балалар арасында тез танымал болды. Кейін осы ойынның екі кейіпкерінің ойыншықтары пайда бола бастады.

Ал қазір дәл осы қорқынышты ойыншықтардың жарнамасы жер жарып тұр. Сатылымы да өте көп.

Балалар психологы Меруерт Исмаилова Хаги Ваги мен Киси Мисидің бүлдіршіндердің мінез-құлқына кері әсері көп дейді. Оның айтуныша мұндай құбыжықтарға әсіресе ата-анасымен қарым-қатынасы сирек болатын балалар әуестенеді.

"Көбі Тик Токтан көріп жүргесін, қызығып алғысы келеді. Ал кей балалар өзінің қорқынышын басу үшін сатып алады. Бұл дегеніміз ондай балалар үйінде ата-анасымен тығыз байланыста болмайды дегенді білдіреді. Яғни өзінің ата-анасын қорғаныш деп есептемейді. Өздеріне сенімсіз болады. Сондықтан кез келген ата-ана баласымен ашық сөйлесіп, оның пікірін тыңдаған өте маңызды," — дейді психолог.

Ал құбыжық ойыншықтар балалардың психологиясына құрылған тұзақ дейді маман. Өйткені Хаги Вагидің ой-өрісті дамытуға мүлде пайдасы жоқ. Қайта зұлымдыққа бастайтын теріс мінез-құлықтарды дамытатын көрінеді.

"Мұндай ұсқынсыз ойыншықтар девиантты мінез-құлық тудырады. Яғни психологиясы агрессияға толы болады. Ондай балалар қоршаған ортаға қызығушылығын жоғалтады. Достарымен ойнағысы келмейді. Өйткені бала өзіне деген, ақыл-ойына деген сенімділікті жоғалтады. Мінезі тұйықталған балада әлемде зұлымдық басты рөлде деген ой пайда болуы мүмкін", — дейді Меруерт Исмаилова.

Психолог соңғы уақытта өз тәжірибесінде де дәл осы ойыншықтардың кесірінен мінезінде жағымсыз өзгерістер пайда болған балалардың көбейгенін байқаған.

"Маған бір баланы әкелді. Қолында Хаги Ваги бар. Оның мінезінде агрессияның толып тұрғанын байқадым. Айналасын тепкілеп, қолына ілінгенді тістелеп отырды. Сөйлесіп көргенімде, ол әлгі ойыншығынан үлгі алып жүрген баладай көрінді", — дейді маман.

Психологтың пікірінше, соңғы кездерде елімізде дәстүрге айнлған шетелдік Хэллуин мерекесінің тойлануы, осындай ойыншықтардың көбеюіне әкелген.

Сондай-ақ Меруерт Исмаилова ата-аналарға тек балалардың логикасын кеңейтетін ойыншықтар алып беруге кеңес береді. Мәселен 1-2 жас аралығындағы бүлдіршіндер сылдырмақ, жұмсақ ойыншықтарымен ойнаған дұрыс. Ал мектепке дейінгі жастағы балаларға құрастырғыш, пазл сияқты ойыншықтар керек. Ең бастысы, ата-ана балаға ойыншықты тек алып бере салмай, олармен бірге өздері ойнаған абзал дейді маман.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары