01.08.2022, 09:20

Жетісу облысындағы оқушының өлімінен соң елдімекенге қосымша күштік құрылымдар тартылды

Фото: ашық дереккөз
Қазіргі таңда ауданда полиция күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

Жетісу облысы Панфилов ауданына қарасты Шолақай ауылында болған жантүршігерлік қылмыстың тергелуін облыстың Полиция департаменті өз бақылауына алды деп хабарлайды Департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Ulysmedia.kz.

Департаменттің хабарлауынша, қоғамдық резонанс туғаннан кейін елдімекенге қосымша күштік құрылымдар тартылған. Қазіргі таңда ауданда полиция күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Ал ауылдағы тәртіп полиция бақылауында.

Тағы оқыңыз: Жетісу облысындағы оқушы қыздың өліміне қатысты әкімдік пікір білдірді

«Әлеуметтік желілерде аталған оқиғаға байланысты жалған ақпарат тарап жатыр. Бұл өз кезегінде халықтың ашу-ызасын тудырып, құқық қорғау органдарына деген сенімсіздікті оятады. Сондықтан, жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершіліктің бар екенін ескертіп, азаматтарды тек ресми деректерге сенуге шақырамыз», - делінген Жетісу облыстық Полиция департаменті таратқан хабарламада.

Еске салайық, Шолақай ауылында 15 жастағы жеткіншекті зорлап өлтіріп, кейін қылмысын жасыру үшін мәйітті өртеп көміп тастаған күдікті ұсталғанын хабарлаған едік. Күдікті 38 жастағы жергілікті тұрғын. Оның үстінен «адам өлтіру», «кәмелет жасына толмаған баланы өлтіру» және «кәмелет жасқа толмаған баланы зорлау» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қылмысы сотта дәлелденсе ол өмір бойына бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Тегтер: қылмыс Жетісу