Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің көмекшісі саясаткердің "Вконтакте" желісіндегі парақшасы бұзылғанын айтты, деп хабарлайды РИА Новости.
"VK-да Дмитрий Анатольевич жариялаған соңғы жазба теңізшілерді Әскери-теңіз күштері күнімен құттықтауға арналды (Теңіз флоты - еск). Ал кеше оның парақшасын бұзып кіріп, басқа жазба жариялағандарға қатысты мәселені әлеуметтік желінің әкімшілігі шешеді", - деп келтіреді басылым көмекшінің сөзін.
Медведевтің парақшасында геосаясатқа қатысты жазба пайда болды. Алайда ол тез арада өшірілді.
Медведевтің атынан жазылған жазбаның скриншоттарында Грузия мен Қазақстан Ресей империясына қарыздар екені айтылған. Сондай-ақ, мәтінде Қазақстан жасанды мемлекеттік құрылым екені, ал біртұтас Грузия XIX ғасырдың басында Ресей жаулап алғанға дейін мүлдем болмағаны аталып өткен.