Алматыда бұрынғы күйеуі қоғамдық көліктің ішінде пышақтамақ болған әйелдің заңгері полицейлердің шығарған жазасын тым жеңіл деп атады. Сөзінше, полицейлер күдіктіге әкімшілік материал жинап, сотқа жіберген. Ал сот тәртіп бұзған азаматты 15 тәулікке қамауға алған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұрынғы күйеуінен жәбір көрген әйелдің қорғаушысы Жанна Мұхамадидің сөзінше, еліміздегі заңдардың әлсіздігі мен құқық қорғау органдарының әрекетсіздігі ер азаматтардың өз әйелдерін жеке меншігіндей қарайтын жағдайға әкелген.
“Солардың бірі кеше автобустың ішінде бұрынғы әйеліне пышақпен шабуыл жасады. Және бұл жағдай Иранда немесе Ауғанстанда емес, біздің арамызда, Алматының қақ ортасында орын алып отыр. Бір-екі рет пышақ жарақатын салған, сол үшін адамгершілігі мол полицейлер оның үстінен әкімшілік материал жинап, сотқа жіберген. Дәл сондай “мейірімді” сот бұл еркексымақты 15 тәулікке қамауға алады. Адам өлтіру үшін батыл оқталған азамат әкімшілік қамауға алынды. Бұл не деген масқара?”, - дейді заңгер таңданысын жасырмай.
Заңгер азаматтың бұрынғы әйелін өлтірмегені үшін полиция қасақана жеңіл зиян келтірді деген айып тағып отырғанын жеткізді.
“Әлемнің басқа бөлігінде оны кісі өлтіруге оқталғаны үшін жауапқа тартылған болар еді. Себебі ол қасақана оны аялдамада күтіп тұрды, өзімен бірге пышақ алып келіп, соңынан аңдыған күйі автобусқа бірге мінген. Және мақсатты түрде кеуде тұсынан соққы жасаған. Ол бұл әрекетке саналы түрде оқталды. Қайта қыздың жолы болды, көліктегі басқа жолаушылар оны тоқтатып, қайғылы жайттың алдын алған. Ал жолы болмаған әйелдер қаншама? Осыған дейін қаншама әйелді бұрынғы күйеулері өртеп, балтамен шауып, өлтірді”, - деп жалғады ол.
Мұхамади елімізде неліктен зорлық-зомбылықтың алғашқы оқиғалары кезінен қылмыстық жауапкершілікке тартып, түсіндірме жұмыстар жүргізілмейтініне жауап іздейді.
“Себебі бізде нақты заңнамалар жоқ. Ешкім жауапкершілікті қатаңдатқысы келмейді. Әйелдерді өлтіріп, күйеулері түрмеге тоғытылады ал балалары жетім қалады. Өмір осылай жалғасып жатыр. Бұл әлі қанша уақытқа дейін созылмақ”, - деп түйіндейді заңгер.
Бұған дейін Алматыда ер адам бұрынғы әйелін өлтірмек болып, пышақпен шабуыл жасаған. Жаға ұстатарлық видео әлеуметтік желіде жарияланғанын жазған болатынбыз.
Жәбір көрген әйел бұған дейін бұрынғы күйеуінің бұл әрекетке өзін өлтіру үшін қасақана барғанын айтқан.