Ақпаратты Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті растады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Таңғы сағат 7-лер шамасында қамауға алынған Ж.Халықұлын қарауыл инспекторы тапты. Мекеменің кезекші ауысымы дереу алғашқы медициналық көмек көрсетті. Қолданылған шараларға қарамастан, тергеудегі адамды аман алып қалу мүмкін болмады. Оқиға орнына келген жедел жәрдем бригадасы өлім механикалық асфиксиядан келген деген тұжырымға келді», - делінген хабарламада.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы, прокуратура өкілдері мен облыстық ІІД басшылығы келгені нақтылануда. Басқа ұсталғандармен әңгіме жүргізілді. Тексеру нәтижесінде оған қатысты заңсыз әрекеттер фактілері анықталмаған. Қазіргі уақытта ішкі аудит жүргізілуде, оның нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады.
Жайлаубек Халықұлы 2009-2016 жылдары Алматы және Ақмола облыстарының ішкі істер департаменттерін басқарған. Осы жылдың мамырында ол қылмыстық істі тоқтату үшін алдау арқылы бөтеннен ақша мен мүлік алды деген күдікке ілінген болатын.