Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте азық-түлік тауарларының бағаларын бақылау, мониторинг жұмыстары, әлеуметтік дүкендердің қамтылуы, сақтау қоймаларының дайындық барысы талқыланғанын хабарлайды BAQ.KZ.
Аймақ басшысы осыған орай ерте пісетін өнімдерді делдалсыз тікелей дүкенге жеткізу үшін шаруашылықтармен жұмыс жасау қажеттігін алға тартты.
Өз кезегінде кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев азық-түлік тауарына үстеме ақыны 15 пайыздан асыра қосып сатқандар туралы мониторинг қорытындысын хабарлады.
Оның айтуынша, үстеме ақы талабын бұзғандарға 16 ескерту берілген.
Облыс әкімі талапты бұзғандарға айыппұл салып, шаралар қолдану бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, «Алқаптан сөреге дейін» жобасының орындалуындағы кемшіліктерге тоқталып, соған сәйкес жауаптыларға қатаң ескерту жасады. «Айналым схемасы» бойынша аудандар тарапынан берілген өтінімдердің көлемі көңіл көншітпейтінін атап өтіп, бұл тұрғыдағы «Тараз» ӘКК» АҚ-ның әлсіз жұмысын сынға алды. Тиісті тұлғаларға Меркі ауданындағы пилоттық жоба тәжірибесін қалған аудандарды іске асыру міндеттерін жүктеді.
Сондай-ақ, жергілікті отандық тауар өндірушілері өндіретін тауарларды өткеруші сауда орындары арасында жасалған тікелей және форвардтық келісім-шарттардың іс жүзінде нәтижесіздігі, жасалған келісім-шарттардың негізінде жұмыстар бірқатар ауданда ұйымдастырылмағандығы да айтылды.
"Мемлекет халықтың жағдайын жақсарту, тұрмысын арттыру бойынша ауқымды шаралар қабылдап жатыр. Бұл орайда өңірлік деңгейлерде бағаны тұрақтандыру, бақылау жұмыстарының үздіксіз жүргізілуі маңызды. Осы орайда жұмысқа деген көзқарасты өзгертетін кез келгенін тағы да еске саламын. Кәсіпкерлер мен шаруалар бізге емес, біз оларға жұмыс істеуіміз керек. Жағдай жасап, қолдау білдіріп, тиісті жеңілдіктерге қол жеткізу үшін көмек көрсетуіміз қажет. Жауапты басшылар мен мемлекеттік қызметкерлер осыны түсінуі тиіс", - деді Нұржан Нұржігітов.