08.08.2022, 20:00

«Зерде» ұлттық холдингі Тоқаевтың ескертуінен кейін жабылатын болды

фото: ашық дереккөзден
Премьер-министр Әлихан Смайылов "Зерде" холдингін тарату туралы қаулыға қол қойды.

«Зерде» холдингі таратылады. Премьер-министр Әлихан Смайылов қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Skifnews.

"2022 жылғы 5 тамызда үкімет "Зерде" ұлттық инфокоммуникация холдингі" АҚ-ны таратуды көздейтін қаулы қабылдады. Бұл құжат нормативтік құқықтық актілердің эталондық бақылау банкі сайтында жарияланады", - деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі өкілдері.

Еске салайық, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин "Зерде" холдингін таратуды ұсынған болатын. Үкімет отырысында министр "Зерде" тобын реформалау 2022 жылғы бірінші жартыжылдықта басталғанын айтқан еді.

Есеп комитеті соңғы тексеру қорытындысы бойынша 2016-2021 жылдар аралығында «Зерденің» жинақталған шығыны 7 млрд теңгені құрады.

Сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаев «жеткілікті емес» «Зерде» холдингін реформалауды тапсырған болатын. Ал шілде айының ортасында министр Бағдат Мусин үкімет отырысында «Зерде» холдингін тарату туралы ұсыныс тастады.