$ 449.58  486.94  4.86

«Жаттықтырушының бар-жоғы білінбеді»: Бибісара Асаубаева команданың жарысқа дайындығына ренішін білдірді

Динараның Сәдуақасованың жарысқа қатыспағаны қатты білінді. Команда әлсіреп қалды. Оның жарысқа бармағанына федерация қуанған шығар деп ойлаймын.

Күні кеше Үндістанның Ченнаи қаласында өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында Қазақстанның әйелдер құрамасы жалпыкомандалық есепте бесінші орын алды7

Олимпиаданың соңғы күні Жансая Әбдімәлік пен Бибісара Асаубаева жеңіске жетті. Ал Ксения Балабаева тең ойнаса, Гүлісхан Нахбаева қарсыласына есе жіберді. Қазақстан шахматшылары Үндістанда болған ала тақтадағы айқаста сегіз рет жеңіп, бір тең ойнап, екі рет жеңілді. Осы сында Қазақстан құрамасында да Бибісара Асаубаева ойындардың ешбірінде жеңілген жоқ. Ол тіпті, басқалары бір-екі күн демалыс алғанда демалыссыз ойнады.

Тағы оқыңыз: Жансая Әбдімәлік Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында қола медаль алды

Бүгін Олимпиада бітіп, тарих қойнауына кеткенде Бибісара Асаубаева өзінің Instagram-дағы парақшасында үнді елінде болған ала тақтадағы айқастар туралы өз ойын айтып, кейбір жерде команданың жарысқа дайындығына ренішін білдіріп, кейбір тұста үміт отының әлі сөнбегенін жеткізді, деп жазады Skifnews.kz.

«Олимпиада тарих қойнауына кетті. Оған мен алғаш рет қатыстым. Сондықтан Олимпиада туралы өз ойымды айтуды жөн көрдім. Әркім Олимпиадаға қалай қатысқысы келетінін өзі біледі. Мен мысалы, командалық жарысқа қатысқым келді. Сол туралы бірауыз сөз айтып кетейін. Мен 11 турдың бәріне қатыстым. Соның бірде біреуінде жеңілмедім. Егер шындықтың бетіне тура қарасақ, маған 11 турда ойнау оңай болған жоқ. Тіпті, қиын болды. Мен 3 ойынды -39 дене қызуымен қатарынан 3 күн ойнадым (Сол кезде қалай қиналғанымды, қаншама немисил дәрісін ішкенімді Павел Михаилович қана біледі. Сол үшін ол кісіге рахмет айтамын!)

Осыдан шығатын қорытынды: мен командада ойнай аламын.

Енді өкінетін нәрсеге келсем, біріншіден, Қазақстан Олимпиадада толық құраммен ойнаған жоқ. Динараның (Сәдуақасова, — ред.) жарысқа қатыспағаны қатты білінді. Команда әлсіреп қалды. Динараны Олимпиадаға қатысуға көндіруге болатын еді. Бірақ, федерация көндірмек түгілі, оның жарысқа бармағанына қуанған шығар деп ойлаймын.

Екіншіден, Олимпиада басталар алдында неге екені белгісіз, біздің команда 6 күн бойы пандемия өршіп тұрған кезде Алматыда жаттықты. Соның кесірінен ерлер командасы Үндістанға толық құрамда бара алмай, әлсіз ойнады. Егер командадағы жағдайға жан-жақты зерттелгенде, сараптама дейсіз бе, талдама дейсіз бе солардың бәрі істелгенде теп-тегіс жерде мұндай нәрсе болмайтын еді.

Үшіншіден, ешқандай команда жанашыр жаттықтырушысыз жақсы ойнай алмайды. Мен нағыз жанашыр адам туралы айтып отырмын. Ол команданы жарыста қолдап, керек кезде ұрысып, ақыл-кеңестерін айтып, алға жетелегенде шахматшылардың да делебесі қозып, ойлары жинақталып, жақсы ойнайтын еді. Сонда бәрі тамаша болатын еді. Әттең, Қазақстанның әйелдер құрамасына Ченнаида осындай адам жетіспеді. Иә, біздің құрама командада жаттықтырушы бар. Бірақ, оның не бары не жоғы білінбейді. Ол үнемі өзінің адамы үшін ғана болысып жүреді деп естимін. Тағы ол жалпыкомандалық нәтижеге бас ауыртпайды деп естігенмін. Мен оны сізге өтірік, маған шын бірде-бір рет көрген жоқпын.

Біз Олимпиадада жаттықтырушысыз-ақ үздік бестікке кірдік. Ал егер жанымызда нағыз жанашыр жаттықтырушы болғанда біз бұдан да жақсы нәтиже көрсететін едік. Сондықтан жаттықтырушысыз прогресс, даму болады деп ойламаймын. Сөз соңында бір нәрсе ғана айтқым келіп тұр.

…бізге қателіктерді түзету үшін әлі көп жұмыс істеу керек. Сонда ғана шахматтың биік шыңына шығамыз.

Сіздердің Бибісараларыңыз».

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары