Жаңалықтар 11.08.2022 сағат 12:40

Маңғыстауда жедел жәрдем қызметкерлері жалақысын көбейтуді талап етіп жатыр

"Еңбекақымызды орташа жалақы есебінде 350 мың қылуыңызды сұраймыз", - дейді олар.
Маңғыстауда жедел жәрдем қызметкерлері жалақысын көбейтуді талап етіп жатыр
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

10 тамызда Маңғыстау облысының жедел жәрдем қызметкерлері видеоүндеу жариялап, орташа жалақыларын 350 мың теңгеге дейін өсіруді талап етті. Наразылыққа Жаңаөзен, Ақтау мен Бейнеу ауданы, Ақшұқыр және өзге елді мекендегі жедел жәрдем қызметкерлері шығып отыр.

Алғашқы видеоүндеу Жаңаөзен қалалық жедел жәрдем станциясының жүргізушісі Мұрат Белбаевтың Facebook парақшасында жарияланды. Мұрат Белбаевтың Азаттыққа айтуынша, видеода Ақтау қаласының жедел жәрдем қызметкерлері үндеу жасаған және мұндай видеоны Бейнеу ауданы жұмысшылары да түсірген. Видеода жұмысшылар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты, премьер-министр Әлихан Смайыловты, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаят және Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевты мәселеге назар аударуға үндейді.

– Біз, Маңғыстау облысының жедел жәрдем қызметкерлері, еңбек дауының туындауына байланысты, жалақымызды, еңбек жағдайымызды, әлеуметтік жағдайымызды жақсарту мақсатында Еңбек кодексінің нормаларын негізге ала отырып барлық кезеңнен өттік. Осы еңбек дауына байланысты көптеген жиындар өтті. Бірақ ол жиындардан еш нәтиже болмады. Қазіргі қымбатшылық бүйірден қысып қысып тұрғанда еңбекақымызды орташа жалақы есебінде 350 мың қылуыңызды сұраймыз. Осы талап орындалмаса тамыздың 15 күні жұмысты тоқтатуға мәжбүрміз. Алдын ала Маңғыстау халқынан кешірім сұраймыз, - дейді видеода ұжым талабын оқыған адам.

Мұрат Белбаевтың сөзіне қарағанда, 10 тамызда мекеме басшылығы жұмысшыларға 5 қыркүйекке дейін уақыт беруді сұраған. Алайда жұмысшылар оған келіспеген.

– Наурыз айында жалақыға 40 мың теңге қосқан еді. Дәрігерлерге, жүргізушілерге, фельдшерлерге. Санитарларға 20 мың қосты. Кеңседе істейтіндер өздеріне 30 мың қосты. Енді басшылық қарызға кіргендерін айтып, сол ақшаны қысқартып тастаймыз деп жатыр. Осы тамыздың айлығынан қысқартамыз деп отыр. Біз бұған келіспей отырмыз. 15-іне дейін шешілмесе, жұмысты тоқтатуға мәжбүр боламыз, – деді жүргізуші Мұрат Белбаев Азаттық тілшісіне.

Бейнеу ауданының жедел жәрдем станциясында істейтін жүргізуші Жәдігер Кемалов 40 мың теңге қысқарса, жұмысшылар жалақысы 110-120 мың теңгеге түсіп қалады, қымбатшылық жағдайда мұндай жалақыға күн көру қиын екенін айтады.

10 тамызда Азаттық Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының бастығы Амалбек Жұмыровпен сөйлескен еді. Ол жедел жәрдем қызметкерлері талабын теріске шығармады, бірақ өзінің жиналыста екенін айтып, жауап бермеді.

Бұл Маңғыстаудағы жедел жәрдем стансасы қызметкрелерінің алғашқы наразылығы емес. Биыл қаңтарда Ақтауда жалақыны көбейтуді талап еткен жедел жәрдем жүргізушілері жиналып, жалақыларына 23 пайыз үстемақы қосуға қол жеткізген.

2021 жылы шілде айында Жаңаөзен қаласындағы 45 жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері жұмысты тоқтатып, жалақыны көтеруді талап еткен. Кейін бұл талапқа Ақтаудағы, Бейнеу ауданындағы жедел жәрдем станция жүргізішілері қосылған. Талабымыз орындалмады деген жедел жәрдем жүргізушілері қарашада тағы да наразылық білдірген еді. Бұл жолы Маңғыстау облысы жедел жәрдем станция бастығы Айларбек Шыршықбаев жалақын көтеру өз қолында еместігін, оны Еңбек министрлігі шешетінін айтып, өзінің аймақтағы ең ірі мұнай -газ өндіруші мекеме «Өзенмұнайгаздан» демеуші ретінде жүргізушілер жалақысына 20-30 мың теңге қосуды сұрайтынын мәлімдеген.

 

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар