$ 449.58  486.94  4.86

Алматыда әжесін өлтіріп, үйін өртеп жіберген 18 жастағы жігіт сотталды

Марқұмның 18 жастағы немересі қасақана кісі өлтірді деген күдікке ілінген, ол өз кінәсін мойындады.

Алматыда әжесін өлтірген 18 жастағы жас жігіт 12 жыл алты айға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық прокуратура мәліметінше, 2020 жылдың қарашасында Медеу ауданындағы жеке үйлердің бірінде өрт шыққан. Оқиға орнынан әйелдің денесі табылады.

Сот-медициналық сараптама өлім жедел жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жеткіліксіздігі салдарынан болғанын көрсетті. Бұған ток соғуы себеп болған.

Сараптама қорытындысы бойынша, өрттің шығуына электр сымының апатты жағдайда жұмыс істеуі себеп болған. Барлық сараптама қорытындысын ескере отырып, қылмыс құрамының болмауына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылған.

«Алайда кейін қылмыстық іс материалдарын зерделеп, марқұмның туыстарының уәжін бағалаған прокурорлар қосымша тергеу жұмыстарын бастады. Қадағалау органының нұсқауымен мәйіт эксгумацияланып, сот-медициналық сараптама комиссиясы тағайындалды. Сондай-ақ, басқа да бірқатар тергеу әрекеті жүргізілді», - деп хабарлады қалалық прокуратурадан.

Қосымша сараптама әйелдің өліміне қылқындыру кезіндегі механикалық асфиксия себеп болғанын көрсетті.

«Марқұмның 18 жастағы немересі қасақана кісі өлтірді деген күдікке ілінген, ол өз кінәсін мойындап, сол күні отбасылық жанжал кезінде әжесін қылқындырып өлтіргенін айтты. Үйдегі ақша мен зергерлік бұйымдарды иемденіп, қылмыстың ізін жасыру үшін қасақана өрт шығарған», - деп атап өтті қадағалау органы.

Сот үкімі бойынша айыпталушы адам өлтіргені және мүлкін ұрлағаны үшін кінәлі деп танылып, ол 12 жыл алты айға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Алматы