Ақтөбе қаласы әкімінің экс-орынбасары мен тағы төрт айыпталушыға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
90 миллион теңгені жымқырды деп айыпталған шенділерді сот ақтап шықты. Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, қаржы қаланы жаңа жылға безендіру үшін бөлінген.
Айыптаушы тарап сотқа сотталушылардың қандай да бір жолмен бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін аса ірі мөлшерде талан-таражға салғаны туралы қажетті дәлелдер ұсынбаған.
"Кінәсіздік презумпциясына байланысты және ҚПК-нің 19-бабына сәйкес айыптау үкімін болжамдарға негіздеуге болмайды және ол анық дәлелдермен расталуы тиіс. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарымен айыпталушылардың кінәсін дәлелдеудің жеткілікті жиынтығын ұсынбағандықтан, сот сотталушыларды кінәсіз деп таныды. Сотталушылардың қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысқандығы туралы дәлел болмағандықтан олар ақталды", — делінген хабарламада.
Сондай-ақ сот Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талап арызын қараусыз қалдырды.
Апелляциялық үкім заңды күшіне енді.