$ 494.87  520.65  4.91

Ақтауда «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» жұмысшылары жалақыны көтеруді талап етті

Отбасымызды бағу үшін жалақыны тағы 100 мың теңгеге арттыру керек!
Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден

Өңірде азық-түлік бағасының өсуіне байланысты "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" ЖШС қызметкерлері жалақыны қосымша 100 мың теңгеге көтеруді талап етуде. Бұл туралы Ақтау қаласы мен оған жақын елді мекендерді электр энергиясы, жылу және сумен қамтамасыз ететін кәсіпорын жұмысшылары басшыларына жазбаша шағымданған.

"Азық-түлік тауарларының барлығының бағасы ұшынып тұр. Коммуналдық қызметтерге тарифтер өсті. Осыған орай, қызметкерлерге лайықты табысты қамтамасыз ету қажет деп санаймыз. Отбасымызды бағу үшін жалақыны тағы 100 мың теңгеге арттыру керек",- дейді жұмысшылар.     

Кәсіпорын директоры Талғат Есентүгелов "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" ЖШС электр энергиясын өндіруге жұмсалатын негізгі шығындардың артуына байланысты шекті тарифті түзету үшін ҚР Энергетика министрлігіне өтініш жібергенін атап өтті.

2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданыста болған тариф – ҚҚС-сыз сағатына кВт 13,04 теңге. Мұнда электр қуатын өндіруге қажетті негізгі өнім -тауарлық газдың бағасы өскені ескерілген жоқ. Газ бағасы электр қуатын өндірудің өзіндік құнындағы үлесінен 65% асқан. Осылайша электр энергиясын өндіруге қажетті шикізат пен материалдар екі еседен астам қымбаттады. Оның үстіне өндірістік қызметкерлердің жалақысы биылғы жылдың 1 наурызынан бастап 30 пайызға көтерілді. Мұның бәрі кәсіпорынның бюджетіне салмақ салып тұрған көрінеді. Биыл электр энергиясын өндіруден жиналған шығын 58 524 млрд теңгені құрайды.

    "Каспий теңізінің суын тұщыту өте көп энергияны қажет ететін процесс. Бірінші кезекте, бізге жабдықтарды жаңарту мәселелерін шешу қажет. Келесі жылы жалақыны индекстеуге өтінім берілетінін атап өткім келеді. Биыл ең төменгі жалақы алатын жұмысшылардың еңбекақысын біртіндеп көбейтетін боламыз. МАЭК-Маңғыстаудың жүрегі. Кәсіпорынның тоқтап қалмауы  біздің ортақ жұмысымызға байланысты. Әлеуметтік нысандардың- ауруханалар, мектептер, балабақшалардың жұмысы, жылу, су және электр қуатына қолжетімділігін қамтамасыз ету міндетіміз. Кәсіпорынның көкейкесті мәселелерін бірге шешуге шақырамын",- деді Талғат Есентүгелов.

Ал қарапайым халық тарифтердің көтерілуіне қарсы. Кәсіпорынның барлық шығындары, оның ішінде жұмысшылардың жалақысын да коммуналдық төлемдер арқылы халықтан өндіру әділетсіз дейді.

  26 тамызда жылу, электр энергиясын өндіру және жабдықтау, ауыз су, техникалық және ыстық су тарифтерін қайта бекіту үшін жария тыңдау өтеді. Онда коммуналдық қызметтердің бағасы көтерілер болса, тұрғындардың қалтасына тағы да салмақ болғалы тұр.

inbusiness.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары