24.08.2022, 23:20

«Тоқаев сапары: Сауда бағытының төте жолы қарастырылуы мүмкін» – сарапшы

Сарапшы Олжас Бейсенбай Транскаспий көлік бағытының маңыздылығына тоқталды.

Бұл пікірді Қазақстандық қоғамдық даму институтының эксперті Олжас Бейсенбай айтты, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

«27 тамызда Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ресми дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл толады. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бакуге іс-сапары символикалық мәні жоғары. Жалпы, Әзербайжан мен Қазақстанның дипломатиялық қарым-қатынасы тереңде, және Әзербайжан Кавказдағы бірден бір серіктес ел. Мемлекет басшысы кездесулердің бірінде «татулық таусылмас – бақыт» деген еді. Бұл сөз серіктес Әзербайжанға да қатысты деген ойдамын», - деді саясаттанушы.

Сарапшының айтуынша, екі ел 2005 жылдан бері стратегиялық серіктес ретінде тығыз байланыста. Сапардағы негізгі мәселе Транскаспий халықаралық көлік бағыты туралы болмақ.

«Мұны Президенттің іс-сапары аясында жеке талқыланады деп ойлаймын. Транскаспий көлік дәлізінің бағыты Қытай-Қазақстан және Әзербайжан мен Грузия арқылы Еуропа мемлекеттеріне жетеді. Бүгінгі күні бұл қауымдастыққа 20-дан аса компания, 8 мемлекет кіреді. Ал біздің ел Еуропа мен Азияның арасындағы ірі экономикалық орталықтың бірі болғандықтан біз үшін бұл бағыт альтернативті тиімді жол болады. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі таңда геосаяси жағдай шиеленісіп тұр», - деді Бейсенбай.

Олжас Бейсенбай Транскаспий көлік бағытының маңыздылығына тоқталды.

«Мәселен, Баку — Тбилиси — Карс теміржолы арқылы Қытайдан Түркияға жететін тауардың жеткізілуін 12 күнге дейін қысқартуға болады. Биылдың өзінде 4 айда осы бағыт бойынша 733 мың тоннаға жүк тасымалданған. 2022 жылы Транскаспий халықаралық бағыты бойынша тасымалданатын жүк көлемі 3,2 млн тоннаға жеткен. Осының өзі бұл бағыттың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді», - деді ол. 

Тегтер: Сарапшы