$ 451.77  485.97  5.07

Жамбылдағы жарылыста іс-түссіз жоғалып кеткен әскеридің туыстары сотқа шағым түсірді

Ол әлі табылмады. Бір жыл болды. Аяғымнан таусылдым. Кімге барарымды да білмеймін...
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Жамбыл облысында болған жарылыста қаза тапқандар ұлықталды. Жарылыс кезінде із-түзсіз жоғалып кеткен Бауыржан Дәуітбаевтың әкесі ұлы туралы әлі де ешқандай хабар жоқ екенін айтты, деп хабарлайды КТК арнасы.

Бүкіл елдің қабырғасын қайыстырған Жамбыл облысындағы әскери қоймада болған жарылысқа жыл толды. 17 адамның өмірін жалмаған сұмдық жағдай көптің есінен шыға қойған жоқ. Оқыс оқиға кезінде ерлікпен опат болғандарды еске алу жиыны өтіп, марқұмдардың есімдері ұлықталды.

Жарылысқа бір жыл толуына байланысты арнайы мемориял ашылды. Мемориалға 17 адамның есімі қашап жазылған. Оның 7 әскерилер болса, 10 төтенше жағдайлар қызметкерлері. Бұл тізім тағы бір адаммен толығуы мүмкін. Ол жарылыс кезінде із-түзсіз жоғалып кеткен Бауыржан Дәуітбаев.

Кіші сержанттың жақын-жуығы одан үміт үзген жоқ, бірақ амалсыз сотқа шағым түсіріпті. Соның негізінде судья ол өлді деген шешім шығарса, Дәуітбаевтың жақындарына матералдық көмек қаржы беріледі.

«Ол әлі табылмады. Бір жыл болды. Аяғымнан таусылдым. Осы жерге келе беріп. Кімге барарымды да білмеймін. Кімге жалынатынымды да білмеймін. Тауып берсін», – дейді Бауыржан Дәуітбаевтың әкесі Талған Дәуітбаев.

Еске салсақ, бір жыл бұрын Байзақ ауданындағы оқ-дәрі сақтау қоймасында жойқын жарылыстар болған еді. Қайғылы жағдайдан 17 адамның өмірі қиылды. Оқыс оқиғаның себебі әлі айтылмады. Бірақ бұл іс бойынша 6 адам түрлі баппен тергеліп жатыр. Оның төртеуі әскери қызметкерлер. Арасында сол кезде бөлім командирінің уақытша міндетін атқарған Аслан Бақытжанов та бар. Ал қалған екеуі жас жауынгер.

Қаза тапқандардың бәрі мемлекеттік наградаға ұсынылғанын айта кетейік. Президент Жарлығымен құтқарушы Мейіржан Аймановқа «Халық Қаһарманы» атағы берілсе, 16 адам І және ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған еді. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары