$ 494.87  520.65  4.91

«Жолдаудан сот жүйесін түбегейлі реформалаудың қадамдарын күтеміз» – заңгер

Сыбайлас жемқорлықтың деңгейі азайған жоқ, керісінше көбейген.

Заңгер әрі қоғам белсендісі Бақытжан Базарбек  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйекте жариялайтын Жолдауында сот жүйесін реформалау және сот төрелігінің сапасын арттыруға қатысты мәселелер көтерілуі мүмкін екенін айтады. Себебі, Сыбайлас жемқорлық, парақорлық, заңсыздыққа көз жұма салу, әділетсіз шешімдер шығару сияқты фактілері азаймай тұр.

"Барлық заңгер қауымның Жолдаудан күтіп жатқан дүниесі – ең біріншіден, Президентіміз сот жүйесін жаңарту, реформалау бойынша жүйелі түрде шешімдер ұсынады деген ойдамыз. Өкінішке қарай, қазіргі сот жүйесінде кемшіліктер өте көп. Нағашыбай Аманғалиұлы Шайкеновтен бастап келе жатқан сот реформасының дәл қазір жүйелі түрдегі жетістігін көріп жатқан жоқпыз. Соттың Конституцияда көрсетілген: соттың тәуелсіздігі, сот пен заң алдында барлық тараптардың теңдігі сияқты негізгі қағидалар шынайы өмірде кері пікір қалыптастыруда. Өйткені іс жүзінде халық соттың тәуелсіздігін көріп отырған жоқ. Тіпті, қаңтар оқиғасы болса да және онда қаншама адам жапа шеккеніне қарамастан, сот жүйесінен өзгерістер байқамадық", дейді заңгер.

Сонымен қатар ол соттардың қазақстандықтардың сенімін ақтай алмағанымен қоймай, өз іс-әрекеттерімен елдегі сот билігінің онсызда төмен беделін әбден түсіріп отырғанын айтады.

"Жоғары соттың Төрағасы Жақып Қажманұлы Асановтың сөздеріне құлақ асып жатқан судьялар жоқ. Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық аудандық, қалалық, облыстық деңгейде ғана емес, үйлестіруші рөлді атқаруы тиіс жоғарғы деңгейдегі сот органын да жайлаған. Мысалы, Жоғарғы соттың судьясы ұсталғанын, бұл саладаөзге де парақорлыққа қатысты фактілер барын білесіздер. Мәселен, Оралдағы «Кублей» консерві зауытына қатысты даулы істе Жоғарғы соттың маңындағы кеңесшілер мен көмекшілердің заңсыз іс-әрекеттерінің кесірінен заңдық күшіне енген сот шешімдері қайта қаралды. Себеп – ешбір шындыққа жанаспайтын дәлелсіз негіздерді қолданған. Екі ортада, Орал қаласындағы бұл дау одан әрі ушығып тұр. Енді заңсыз салынған тұрғын үйдің өкілдері ғана емес, сонымен қатар, «Кублей» зауытында қызмет етіп жүрген 600-ге жуық жұмысшы және 1 жарым мыңға жуық шаруа қожалықтары митингке шығуға дайын.

Cот жүйесінің бүгінгі бейнесі - осы. Сыбайлас жемқорлық, парақорлық, заңсыздыққа көз жұма салу, әділетсіз шешімдер шығару сияқты фактілер – сот жүйесінде отыз жыл бойы жиналған мәселелер. Сондықтан Президентіміз ең алдымен, осы сот жүйесін реформалауға үлкен қадамдар жасауы тиіс.  

Жақында «Аманат» партиясының жанынан «Жер аманаты» республикалық жер комиссиясын құрған болатынбыз. Оның негізгі міндеті – өңірлердегі жерге қатысты туындаған мәселелерді шешу. Оған тереңірек үңілетін болсақ, бар гәп әкімдіктер мен соттардағы және оның жанындағы құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлық болып тұр. Мемлекеттік меншіктегі жерлерді жекеменшікке заңсыз беру, жердің нысаналы мақсатын заңсыз ауыстыру, жерге заңсыз конкурстар ұйымдастыру, жер кодексін қатаң түрде бұза отырып, жерлерді табыстау сияқты фактілердің әрқайсысын жеке алып қарасаңыздар, әкімдер, жер қатынастар бөлімі мен сәулет қала құрылысы бөлімдеріндегі сыбайлас жемқорлықты анық көруге болады. Себебі заңсыз шығарылған қаулылар бір азаматтың пайдасына шықса, екінші жағынан басқа азаматтардың құқығын бұзады. Сөйтіп, құқығы тапталған көрші азаматтар амалсыз сотқа береді, ал жемқорлыққа батқан сот билігінде әділетті шешім табу, әлбетте, мүмкін емес.

2021 жылы біз Әкімшілік-проессуалдық кодексіне әкімшілік соттарды енгізгенбіз, сол арқылы әкімдердің заңсыз шығарған қаулыларын бұзу көзделген еді. Соған қарамастан, сыбайлас жемқорлықтың деңгейі азайған жоқ, керісінше көбейген. Қазір Парламент Мәжілісінің жұмыс топтарында цифрландыру жұмысы бойынша заң жобасы қаралып жатыр. Мен сонда сарапшылардың бірімін. Мұнда сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою үшін жерлерді электрондық түрде табыстау, жер құқықтық қарым-қатынастарда электрондық құжат алмасу, жер комиссиясын толығымен институт ретінде таратып тастау, конкурстарды аукционмен электрондық түрде ұйымдастыру, жер кадастрындағы ақпараттардың толық қолжетімді болуын қамтамасыз ету сияқты шараларды қолданып жатырмыз.

Бірақ, өкінішке қарай қандай болмасын шаралар қолданып жатқанымызбен, сыбайлас жемқорлықпен күресу өте қиын. Сондықтан айрықша көңіл бөлінуі тиіс мәселелер – әкімдіктердегі, соның ішінде жер құқықтық қатынастарындағы, сот жүйесіндегі және құқық қорғау органдарындағы сыбайсас жемқорлықпен күресу. Осы үш бағыт толығымен барлық құқықтық қатынастарды қамтиды. Сол себепті Президент халыққа Жолдауында осы мәселелерді қозғайды деген ойдамын, – дейді заңгер Бақытжан Базарбек.     

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Сарапшы