Ұлттық статистика бюросы халық санағы қорытындысын жариялады. Қазақстан халқының саны 2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 19 644 067 адамды құрады, деп хабарлайды Zakon.kz.
– Өңделген мәліметтерге сәйкес, 2021 жылғы санаққа 19 186 015 адам қатысты. Осылайша, 2009 жылғы халық санағынан бері ел халқы 20%-ға немесе 3,2 млн адамға өсті. Бұған халықтың табиғи өсімі мен Қазақстан аумағына көші-қон ағыны ықпал етті, – дейді Ұлттық статистика бюросы.
Санақ қорытындысы бойынша қала тұрғындарының үлесі 61,2%-ға дейін өсті, алдыңғы санақ мәліметтерімен салыстырғанда 5%-ға өсім болған. Тиісінше, ауыл халқының үлесі 43,9%-дан 38,8%-ға дейін азайды. Қала тұрғындарының басым бөлігі Қарағанды облысында тұрады – тұрғындардың 80%-ы, яғни 1 млн-нан астам адам. Керісінше, қалалықтар саны ең аз аймақ – Түркістан облысы. Мұнда барлығы 498 мың адам немесе облыс тұрғындарының 24,3%-ы қалалық жерде тұрады.
«Урбанизация – экономиканың индустрияландырылуы мен жұмыс күшінің өнімді салаларға ауысуына байланысты болатын әлемдік процесс. Әдетте, азаматтар ауылдан қалаға білім алу, мамандығы бойынша жұмыс істеу және әл-ауқатын жақсарту үшін көшеді. Соңғы екі санақ аралығындағы кезеңде қала халқының ең көп өсімі еліміздің 6 өңірінде байқалды – Ақмола, Ақтөбе, БҚО, ШҚО, СҚО, Қызылорда облыстарында. Ал елорда халқы екі есе өсті», – дейді ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов.
Алдыңғы санақ қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтанда 619 мың адам тұрып жатқан, 2021 жылғы санақ кезінде еліміздің бас қаласындағы халық саны 1,23 млн адамды құрады.
– Қазақстандағы әйелдер саны бұрынғыдай ерлер санынан басым. Санақ қорытындысы бойынша олардың саны жарты миллионға (536,3 мың адамға) артық болды. Егер пайызбен айтар болсақ, ерлер үлесі – 48,6% (9 324 840 адам), әйелдер үлесі – 51,4% (9 861 175 адам) құрады. Осылайша, Қазақстандағы 100 әйелге 99 ер адамнан келеді, – Ұлттық статистика бюросы
Санақ 10 жылда бір рет жүргізіледі және белгілі бір кезеңдегі халықтың түрлі әлеуметтік-экономикалық параметрлерін көрсетеді. Жиналған деректер ұсынылған ақпараттың толықтығы (көші-қон, табыс, жұмыспен қамту, неке жағдайы, туу, тілдерді меңгеру дәрежесі, дінге қатынасы) мен респонденттердің қамтылуын көздейді.
2021 жылғы санақ деректері мен биылғы деректерді ескере отырып жүргізілген есептеуден кейін 2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша еліміздің халқының саны – 19 644 067 адам.