Шымкентте екі жасар бүлдіршін екінші қабаттағы терезеден құлап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оқиға «Нұрсәт-1» шағынауданындағы 210-үйде болған. Ересектердің қарауынсыз қалған сәби терезеден төмен құлап кеткен. Ауруханаға жеткізілген оған «Жабық бас-ми жарақаты, іштің жарақаттары» диагнозы қойылды. Дәрігерлер тексергеннен кейін амбулаториялық ем қабылдау үшін үйіне жіберілді. Қазіргі жағдайы орташа.
«Жыл басынан балалардың терезеден құлауына қатысты 6 жағдай тіркелді. Барлық оқиғада балалар жарақат алды. Ал өткен жылы 7 оқиға тіркелген болатын. Онда үш бүлдіршін жарақат алса, төртеуі қайтыс болды. Ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмау керектігін ескертеміз», - делінген Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобы таратқан хабарламада.