$ 447.4  477.55  4.76

«Көкірегімнен ұрды»: Қызылордалық әйел әкімнен оңбай таяқ жегенін айтты

Әбден жәбірлендім деген азаматша тіпті әкімнің кешірім сұрамағанына қынжылады.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Әбден жәбірлендім деген азаматша тіпті әкімнің кешірім сұрамағанына қынжылады, деп хабарлайды Экспресс К.

Қазалы ауданына қарасты Құмжиек ауылындағы мәдениет үйінің қызметкері Мира Байтақованың айтуынша, ауыл әкімі өзіне қол көтерген. Тіпті артынан қоқаң-лоққы көрсетті дейді қызметкер.

Оның айтуынша, оқиға жұмыс уақытында болған. Мира Байтақова мәдениет үйіндегі өзінің атқарған жұмысы бойынша ауыл әкіміне есеп беруге барыпты. Сол кезде есебінен қателік тапқан әкім оған қатты жекіп, көкірек тұсынан жұдырықпен түйіп жіберген көрінеді.

Біз мәдениет бөліміне қарасты мекемеміз. Бірақ, неге екені, ауыл әкіміне есеп беруге міндеттеп қойған. Кабинетіне барып, есеп беріп жатқанда, көкірегімнен қатты ұрды. Ентігіп қалдым. Шошып кеттім. Әп-әйдік азаматтан мұндайды күтпегенмін,- дейді Мира Байтақова.

Ауыл әкімі онысымен қоймай, басқа қызметкерлерге де ұрыса жөнелген көрінеді. Шенеуніктен таяқ жеп, жәбір көрдім деген әйел бірден полицейлерге шағымданыпты. Алайда құзырлы орган өкілдері әлі күнге дейін бұл іс бойынша үнсіз дейді, Мира Байтақова.

Мені ұрғанын дәлелдейтін видео жоқ. Ол жерде куәгерлер болмады. Сондықтан әкім мойындамай отыр. Бірақ оның дөрекі екенін бүкіл ауыл біледі. Қызметкерлерге бұрыннан солай айқайлайды. Оны жазаласын демеймін, тек келіп кешірім сұраса болды,- дейді қызметкер.

Мира Байтақова осы оқиғадан кейін әлі де күйзелісте жүргенін айтады.

Экспресс К тілшісіне әйелге әлімжеттік қылған әкімнің өзімен байланысу мүмкін болмады. Дегенмен Мемлекеттік қызмет істері департаментіндегілер бұл жағдайға байланысты тексеру басталғанын мәлімдеді.

Ауылдық округ әкімі Б.Қ.Баймахановқа тәртіптік іс қозғалып, бүгінгі күні қызметтік тергеп тексеру жұмыстары жүргізілуде. Қабылданған шешім нәтижесін алдағы уақытта департамент қосымша хабарлайды,-деп хабарлады жауапты департаменттегілер.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары