$ 448.89  477.93  4.76

Мәһрге нан сұраған келіншек елді таң қалдырды

Баршын мен Құртқаның сіңлілері бар ғой әлі де, елім дейтін ерлер де сондай саналы, текті келіндерден туар.

Камила Аймбетова атты Facebook қолданушысының айтуынша, інісі тойға барып, қызық жайтқа куә болған.

«Кеше інім тойға барып келді. Имам келіннен «сыйлыққа не алғың келеді», деп сұрапты. Келіншек «мұның белгіленген құны жоқ қой, иә?», деп сұрап алған көрінеді. Молда қалағаныңды сұрай аласың деген, сол кезде қыз НАН сұрады дейді.

Аң-таң болған куәгерлерге:

- Өмір ғой, әртүрлі сынаққа бірге төзіп, тату болып, бір нанды бөліп жесек, маған сол жетеді, - депті. Екеуі жұрттың көзінше нанды бөліп жеген екен.

Естіп ондай да болады екен-ау деп қатты таң қалдым! Қыздың ақылына риза болдым. Той кеше болды, некеден екі жыл бұрын өткен, бұл сол кезде болған жағдай. Жігіттің атасы қатты науқастанып жатып, той көріп кетейін деп немересін үйлендірген. Жасы үлкендер келін түскен күні неке қидырған. Бұл келіннің сол үйдің босағасын енді аттаған шақта айтқаны.

Той жасауға үлгермепті, қария қайтыс болған. Ол кісінің жылдық асын өткізейік деген. Сол арада келіншек ұлды болыпты. Тойды ұлдары қолға сәл ілініп, өскен соң жасайық деп ұйғарған. «Екеуінің де жүзі жарқын, өте бақытты» дейді інім.

P.S.: Әңгіменің әсерінен көпке дейін арыла алмадым, сол үшін осында жазып отырмын. Баршын мен Құртқаның сіңлілері бар ғой әлі де, елім дейтін ерлер де сондай саналы, текті келіндерден туар», - деп аяқтаған жазбасын автор.

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары