Павлодар облысында қаңғыған иттер тұрғындарды өрістегі ұсақ малдарға шабуылды үдеткен. Тұрғындар қыста қораға түсе ме деп қауіптенеді. Сондықтан билік өкілдерінен қаңғыған иттердің көзін құртуды талап етті, деп хабарлайды КТК арнасы.
Қаңғыған иттер өрістегі ұсақ малды жайратып азық етуді әдет қылған. Әбден мезі болған тұрғындар енді бар жұмысын тастап, қойды жабайы иттерден қорғап әлек. Ауылда қой саны кеміп барады. Есесіне бұралқы иттер көбейген.
Жұрт итті атуға заңмен тыйым салынғанын біледі. Сондықтан өздігінен оларды өлтіре алмайды. Бұралқылар да соны білгендей, шабуылға көшкен.
“Қаңғыған иттер өте қорқынышты, адам екен деп именбейді, талап тастауға дайын. Көз алдымда қойдың туталақайын шығарды. Дым істей алмай қалдым. Өйткені иттер көп болды. Полиция, прокуратуға шағым түсірдік, бірақ нәтиже жоқ”, – деді Таволжан ауылының тұрғыны Сәкен Рахымжанов.
Ауыл халқы қанша қорықса да, ұсақ малды үйде ұстай алмай өріске жібереді. Сорақысы соңғы уақытта үйірімен жүрген бұралқы иттер отардағы қойларға шабуылды көбейтіпті. Тұрғындар жарты жылда 50-ге тарта малдан айырылғанын айтады. Келтірілген шығын шамамен 2 миллион теңге. Бұқараның көшеге шығуға да жүрегі шайлыққан, себебі бұралқылар ауылға кіріп, байлаулы тұрған иттерді де жеп кететін болыпты.
“Балаларды мектепке ертіп апарып, ертіп әкелеміз. Өйткені өте қауіпті. Адамның көзінше қойды талап жатқан бұралқылар балаларды аяйды дейсің бе? Бала түгілі, өзіміз көшеде жалғыз жүруден қалдық”, – деді Таволжан аулының тұрғыны Наталья Бабич.
Таволжан ауылында төрт мыңнан аса тұрғын бар. Басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Енді олар бұл ата кәсіптен жаппай бас тартқалы отыр. Өйткені өсірген мал итке жем дейді.
Ал жергілікті билік иесіз жануарларды атуға заңмен шектеу енгізілгенін айтады. Тек аулап, стерильдеуге рұқсат бар.
“Бұл өте қиын жағдай. Біз қолдан келгеннің бәрін жасадық. Тұрғындардың шағымымен ветеринарлар төрт мәрте келіп, ит аулаған. Жалпы саны 50-ге тарта бұралқы итті алып кетті”, + деп мәлімдеді Равнополь ауыл округінің әкімі Мұхтар Ысқақов.
Тұрғындар қаңғыған иттердің қалай қаптап кеткенін түсінбейді. Бұқара қорқыныштың көкесі қыста бола ма деп күдіктенеді. Өйткені жазықтан азық таппаған бұралқы иттер ауылға кіріп, мал мен адамға бірдей шаба ма деп үрейленіп отыр.