Бүгін Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының ісі бойынша кезекті сот отырысы болып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сотта айыпталушылар мен жәбірленуші компаниялар келісімге келгені айтылды. Прокурор Есебаев соттан Қайрат Сатыбалдыны 6 жылға бас бостандығынан айыруды, мемлекеттік қызметте, сотта, Ұлттық банкте, мемлекеттің үлесі 50 пайыздық кәсіпорындарда еңбек ету құқығынан айыруды сұрады. Сотталушы жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтеуі керектігін айтты.
Тағы оқыңыз: Қайрат Сатыбалды кінәсін мойындап, «Қазақтелекомға» келтірген шығынды өтеді
Айта кетсек, екі күн бұрын басталған сотта сотталушының адвокаты Қайрат Сатыбалды кінәсін мойындайтынын, екі компанияның 12 млрд теңге және 28 млрд теңге шығынын өтегенін мәлім етті. Процес екі іс бойынша қаралып жатыр. Онда «Қазақтелеком» АҚ және «КСО» АҚ-тан қаражаттың қалай жымқырылғаны баян етіледі.
Тағы оқыңыз: «Кінәсі болса мойындау — еркектің тірлігі!» – Мұхамеджан Тазабек Сатыбалды жайлы
Еске сала кетсек, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды осы жылдың наурызында қамауға алынған еді. Оның үстінен «алдау жолымен мүліктік залал келтірді», «сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салды» деген айыппен қылмыстық іс қозғалған. Одан бөлек ол «салықтан және кедендік төлемдерден жалтарды», «қылмыстық жолмен тапқан табысын заңдастырды» деген күдікпен де тергеліп жатыр.
Наурызда сонымен қатар әйелі Гүлмира Сатыбалды да «бизнесті рейдерлік жолмен тартып алды» деген айыппен қамауға алынған.
Ал Қайрат Сатыбалдының інісі Самат Әбіш Қаңтар қырғынынан кейін ҰҚК төрағасының орынбасары қызметінен босатылған. ҰҚК Самат Әбіш «тергеу назарында» екенін мәлімдеген. Алайда оның қандай да іске қатысы бар-жоғы айтылған жоқ.
Кешегі сот отырысында судья сот процесінен видео және аудио таратуға шектеу қойып, бұл тыйымды бұзғандарға жауапкершілік барын ескерткен.