26.09.2022, 17:00

Алдағы күндері елдің солтүстігінде қар жауады

Көктайғақ, тұман және ауа температурасының минусқа дейін төмендеуі күтіледі.

Қазгидромет алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алдағы тәуліктерде солтүстік-батыс циклонның соңынан суық антициклон келеді. Республиканың солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде жаңбырдың соңы қарға ұласады. Көктайғақ, тұман және ауа температурасының минусқа дейін төмендеуі күтіледі.

Желдің күшеюі болжанады, еліміздің оңтүстік-батысында, оңтүстігінде шаңды дауыл соғады.

Еліміздің солтүстік өңірлерінде термометрлердің түнгі көрсеткіштері 1-6 градусқа дейін төмендейді, ал күндіз ауа температурасы 1-6 градусқа дейін аздап жоғарылайды. Ал республиканың оңтүстік және батыс өңірлерінде күндіз ауа температурасы 15-23 градусқа дейін жылы болады.