Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Самат Әбіш пен Ішкі істер министрлігінің бұрынғы басшысы Ерлан Тұрғымбаевқа қатысты ішкі істер органдарының өндірісінде ешқандай қылмыстық іс жоқ. Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Экс-министр Ерлан Тұрғымбаев қаңтар оқиғасына байланысты қашан жауапқа тартылады? Кәрім Мәсімов қамауға алынғанымен оның орынбасары Самат Әбішке қатысты неге қылмыстық іс тіркелмеген?» деп сұрады журналист.
Министр қаңтар оқиғасына қатысты тергеп-тексеру жұмыстары басқа құзырлы органдардың өнідірісінде екенін еске салды.
«Ішкі істер органдарының өндірісінде аталған азаматтарға қатысты ешқандай шаралар жоқ. Не Тұрғымбаевқа, не Әбішке қозғалған қылмыстық іс бізде жоқ», - деді Марат Ахметжанов.