Жаңалықтар 07.10.2022 сағат 15:20

Солтүстік Қазақстанда улы ойыншықтар сатылып келген

Санитар дәрігер Қытайдың тым ашық боялған ойыншықтарын сатып алмауға кеңес береді. Оларға химиялық заттар көп қолданылады.
Солтүстік Қазақстанда улы ойыншықтар сатылып келген
Фото: ашық дереккөз
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Солтүстік Қазақстан облысында құрамындағы улы заттар шекті мөлшерден 10 есе артқан ойыншықтар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Татьяна Горлованың айтуынша, мамандар ай сайын жүйелі түрде ойыншықтардың сапасына мониторинг жүргізеді. Мақсат – бала денсаулығына қауіпті ойыншықтарды анықтап, ата-аналарды ескерту. Бұл жұмыс облыс аумағын қамтиды. Сол үшін сауда орындарынан өнім сатып алынып, Кеден одағының техникалық регламенті және санитариялық бақылануы тиіс гигиеналық талаптарына сәйкестігі зерттеледі.

Бұл жолы сауда орындарынан 129 түрлі ойыншықтың үлгісі сатып алынып, зерттелген. Оның 76-сында, яғни 60% техникалық регламент талабы сәйкес келмеген. Барлығында таңбалау қағидалары бұзылған. Ал 8 ойыншықтың үлгісі физико-химиялық көрсеткіштер бойынша талапқа сай болмай, бала өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген.

«Балалар ойыншықтарында токсикологиялық заттар – фенол, формальдегид, ксилол, метил спирті мен гептанның көлемі шекті мөлшерден асқан.

Зерттеуге алынған ойыншықтардың 0,1% ғана отандық өндірушілердің өнімі. 45,6% - Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдерден, 53% - басқа мемлекеттерден жеткізілген. Талапқа сай келмейтін қауіпті ойыншықтардың басым бөлігі де басқа елдерден әкелінген. Соның ішінде Қытайдың үлесі басым – 62%, Ресейден – 28%, Өзбекстаннан – 1,6 % және шыққан жері көрсетілмеген ойыншықтардың үлесі – 2%.

Физико-химиялық көрсеткіштер бойынша улы деп танылған ойыншықтардың атын атап, түсін түстесек: балық аулау құралы ойыншықтар топтамасы. Қытайда жасалған, құрамындағы ксилол 0,71 болған, рұқсат етілген мөлшер небары 0,05. Пистолеттің құрамында да ксилол бірнеше есе көп, ал роботқа айналатын танк ойыншығында гептан мөлшері екі есе асып кеткен. «Вкусняшка» деп аталатын ойыншық иегі қышыған сәбилерге арналған, яғни оны бала аузына салады. Ондағы фенол нормадан 10 есе артық. Сондай-ақ «Лариса» деген «монстр» қуыршақта формальдегид екі есе көп. Қауіпті ойыншықтардың қатарында балалар пианиносы да бар», - дейді Татьяна Горлова.

Мәлім етілгендей, ойыншық сатып аларда оның иісі мен түсіне де мән беру керек. Санитар дәрігер Қытайдың тым ашық боялған ойыншықтарын сатып алмауға кеңес береді. Оларға химиялық заттар көп қолданылады. Тағы бір ескерер жайт, ойыншықтардың сапа сертификатына, сәйкестік декларациясына назар аударған жөн.

Мониторинг қорытындысы бойынша, анықталған олқылықтарды жоюға кәсіпкерлерге ұйғарым берілді. Заң бойынша тиісті шара қолданылмақ.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар