Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға келуіне қарсы халықты митингке шығуға шақырған белсенді Рафик Жарылқасымов Алматыда қамауға алынды. Бұл туралы Ulysmedia.kz хабарлайды.
Сот кеңсесінің сайтында алматылық азаматтың 15 тәулікке қамауға алынғаны туралы ақпарат пайда болды.
Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Жарылқасымовты «Қазақстан Республикасындағы бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң талаптарын орындамағаны үшін кінәлі деп тапты.
Белсенді «полиция қызметкерлері мен жергілікті әкімшілік өкілінің шеру өткізуден бас тарту туралы нұсқауына құлақ аспағаны» аталып өтеді
«Сот істегі барлық дәлелдемелерді сараптай келе, Р.М.Жарылқасымовқа қатысты Қылмыстық кодекстің 488-бабының 7-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық фактісі анықталды деген қорытындыға келді», - делінген сот қаулысында.
Еске салайық, 13 қазан күні таңертең Владимир Путин АӨСШК, «Орталық Азия – Ресей» саммиттеріне, сондай-ақ ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің отырысына қатысу үшін Астанаға келген болатын.
12 қазанда Алматыда Путиннің Қазақстанға келуіне қарсы митинг өтті. Белсенділер ұсталды.
6 наурызда Алматыда Ресейдің Украинаға басып кіруіне қарсы шеруге 3 мыңға жуық адам жиналған болатын. «Сары-Арқа» кинотеатрының жанындағы алаңда өткен митинг қаланың жаңа тарихындағы ең ауқымды жиындардың біріне айналды.