Қарағанды облысында Димаш Құдайбергеннің муралы пайда болды.
ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдегі №33 түзету мекемесінің клубында 3 метрлік қабырғаға қазақ әншсі Димаш Құдайбергеннің суреті салынған. Осылайша, Қарағанды колониясында жазасын өтеушінің салған суреті мекеме басшылығын таңқалдырған. Ол Республика күніне орай әлемге танылған қазақ әншісінің портретін салғысы келген.
Өз кезегінде колония әкімшілігі оны барлық материалдармен қамтамасыз еткен.
«Түрмеде отырып, шығармашылығымды дамытуға көбірек уақыт арнай бастадым. Сурет салғанда уақытымның қалйа өткенін байқамай қаламын және қиындықтар мен уайымдарымды ұмытамын. Сурет салу мен үшін жай ғана хобби емес, өмірімнің бір бөлшегі іспеттес», - деп сотталушы өз ойын жеткізді.
Енді Димаш Құдайбергеннің портреті мекеменің акт залындағы сахнаның қабырғасына сән беріп тұр.