Абай облысының полицейлері құлдықта жүрген мүгедек адамды құтқарды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысының полицейлері жедел-профилактикалық шара барысында адам еңбегін қанау фактісін анықтады.
Өзіне бекітілген аумақты тексеру барысында тұрғындармен үнемі байланыста жүретін Жарма ауданы Шар қаласы ПБ полиция қызметкеріне аумағындағы шаруа қожалығының басшысы қоңырау шалып, жаңа жұмысшы жалдағанын хабарлаған.
Шаруа қожалығына келген полиция қызметкері жұмысқа жаңадан кіріскен жалдамалының құжаттарының жоқтығын анықтаған, сондай-ақ полицейге өзінің сауалнамалық деректерін де айта алмаған.
Бір шикіліктің барын сезген тәртіп сақшысы шаруашылық иесі жәбірленушінің қасынан кеткен кезде оның тегін біліп алған.
Одан әрі полиция қызметкері жәбірленушінің әпкесін тапты. Белгілі болғандай, ол бауырымен 2010 жылдан бері байланыс үзген.
Ер адам Жарма ауданындағы шаруа қожалықтарының бірінен табылды. Ол онда жұмыс істеген.
Тергеу барысында 2010 жылдың қараша айынан бастап 26 жастағы ер адамның 11 шаруа қожалығында құлдықта болғаны анықталды.
Бұған дейін бірнеше рет сотталған 54 жастағы Семей тұрғыны 26 жастағы Тарбағатай ауданының тұрғынымен Тұғыл ауылына балық аулауға барғанда танысқан.
Физикалық тұрғыдан жетілген жас жігіттің психикалық ауытқуын байқаған ол жігітті шаруашылықта жұмыс күші ретінде пайдалануды ойлаған.
Жәбірленушіні 12 жылдан астам уақыт бойы Семей қаласы, Абай, Ұлан және Жарма аудандарындағы шаруа қожалықтарында жұмыс істеу үшін сатқан.
54 жастағы азамат шаруа қожалық иелеріне өзін жігіттің туысымын деп таныстырған.
Олардан алдын ала жалақысын алып, қалтасына басып отырған. Жәбірленушінің жылдар бойы еңбегіне берілген ақы 2 млн теңгені құраған.
Сонымен қатар қаскөй мүгедектің ай сайынғы зейнетақы жинағы мен әлеуметтік төлемдерін жымқырып отырған. Залалдың жалпы сомасы 4 млн теңгеден асады.
– Қазіргі уақытта жәбірленуші туыстарына табысталды, ал күдікті Жарма ауданының аудандық сотымен Қылмыстық кодекстің 128-бабының 2-бөлігі 2, 8, 11, 12-бөлектері және 190-бабы 1-тармағының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Сот үкімімен қауіпсіздігі орташада колонияда 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – деді Абай облысы ПД бастығының орынбасары Нариман Күлдіков.