Шымкентте ата-аналар “Мектепке жол акциясы” аясында әлі күнге дейін көмек ала алмағандарын айтып, ашынуда. Жаз соңында бюджеттен қолдау қарастырылмайды деген соң кәсіпкерлер аз қамтылған отбаcылардың әр баласына 30 мың теңгеден көмек көрсетеміз деп уәде еткен екен. Алайда құрылтайшылар одан кейін жауапсыз кеткен, деп хабарлайды 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтары.
Құрсай елді мекеніндегі жеке меншік мектептің ата-аналары тамыз айынан бері көмек беріле ме деп күткендерін айтады. Алайда қазір осылайша оқу жылының екінші тоқсанына жеткен.
“Басында ақшалай көмек береміз деп уәде етті. Кейін қаржылай сертификат беріледі деді. Ол оқу құралын алуға жарайтын сертификат екен. Дегенмен ол да қолымызға түспеді. Біз қаржылай беріледі деген соң шот ашып дайындалдық. Алайда сабақ уақыты болған кезде қарызға кіруімізге тура келді”,- деді Роза Сейітжанова.
Тағы бір ата-ана Бақытгүл Манасова да қарыз алып, енді оны қайтаруға қиналып жүргенін алға тартты.
“Әлі төлей алмай жүрмін. Ай сайын қарызым келіп тұрады. Енді олардан көмек сұрасақ, бөлінбейтінін айтып отыр”,- деді Бақытгүл Манасова.
Мектеп басшылығы бұл уәдені берер алдында өздерінің де сеніп қалғанын айтады.
“Құрылтайшы есебінен 30 мың теңгеден әлеуметтік статусқа ие отбасыларға басында көмек береміз деп хабарлағанбыз. Бізге “Қазақстан халқына” қорынан сертификат беріліп, әр отбасының оқушыларына ақша аударылуы қажет болған. Бірінші тоқсанның соңына дейін біз ол сертификатты күттік. "Қазақстан Халқына" қор өкілдері оқу-ағарту министрлігінен көмекке зәру шәкірттердің тізімін сұратқанмен, ведомстводан ешқандай жауап келмеген. Сондықтан, қор қайырымдылыққа қатыспайтын болып шешкен. Осылайша, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың мыңға жуық баласын қажетімен қамтамасыз етеміз деген құрылтайшылардың уәдесі орындалмайтын болды”,- деді Әл-Фараби атындағы жеке меншік мектептің директоры Ұлдәмет Тасыбекова.