$ 494.87  520.65  4.91

Футболдан ӘЧ: Бразилия Сербиямен матчта жеңіске жетті

Бұдан төрт жылғы бұрынғы есеп қайталанды – 2:0, Бразилияның пайдасында.

Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында G тобында Бразилия мен Сербия командалары алғашқы кездесуін өткізді.

Бразилиялықтар осыған дейін бес мәрте әлем чемпионы атанса, сербиялықтар да оңай шағылатын жаңғақ емес-ті.

Әсіресе, осы дүниежүзілік додаға іріктеу сайысында сербиялықтар Португалияны өз алаңында қапы қалдырып, топта бірінші орынмен жолдамаға ие болған еді.

Бұдан төрт жыл бұрын Ресейде өткен біріншілікте Бразилия, Швейцария, Сербия, Коста-Рика бір топқа түсіп, плей-офф кезеңіне бразилиялықтар мен швейцариялықтар жолдама алған-ды. Сербия Бразилиядан 0:2 есебімен ұтылған болатын.

Бұл жолы бірінші тайм Тите жаттықтыратын бразилиялықтар жиірек шабуылдағанымен, есеп ашылған жоқ.

Екінші кезеңде Бразилия қарқынды тіпті үдетті. Драган Стойковичтің шәкірттері барынша қорғанып бақты. Бірде қақпашы Ваня Милинкович-Савич, бірде қорғаушылар голдан аман алып қалып жатты. Тіпті Алекс Сандро тепкен доп қақпа жақтауынан кері қайтты. Дегенмен 62-минутта Ришарлисон оңтайлы сәтті пайдаланып кетті – 1:0. 73-минутта Ришарлисон допты қайшылай теуіп, есепті 2:0-ге жеткізді. Бұл оның ұлттық құрама сапындағы 19-ыншы голы еді. Бұдан кейін Каземиро бағыттаған доп қақпа маңдайшасына тиді.

Сөйтіп бұдан төрт жылғы бұрынғы есеп қайталанды – 2:0, Бразилияның пайдасында.

Осылайша, әлем чемпионатында барлық топта бірінші тур ойындары мәресіне жетті.

G тобында Бразилия доп айырмасымен көш бастады. Камерунді 1:0 есебімен тізе бүктірген Швейцарияда да үш ұпай бар. 28 қараша күні Камерун – Сербия, Бразилия – Швейцария құрамалары өзара кездеседі.

ҚазАқпарат

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары