08.12.2022, 03:30

«Құрметті профессор»: Ақтөбе облысының әкімі енді студенттерге лекция оқи алады (ФОТО)

Фото: t.me/amuedukz
Қолы бос кезде студенттерге лекция оқуға рұқсаты бар.

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Астана медицина университетінің "Құрметті профессоры" атанды. Желіде әкімнің университет ректоры Камалжан Надыровтың қолынан диплом алған сәтінен фото жария болды. Бұған қатысты Ақтөбе облысы әкімдігі пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.  Желіде тараған фото сипаттамасында Ералы Тоғжановтың "Астана медицина университетінің Құрметті профессоры" атанғаны, оған дипломды университет ректоры Камалжан Надыровтың табыстағаны айтылған. Ералы Тоғжановтың "Құрметті профессор" атағын алуына байланысты Ақтөбе облысының әкімдігі пікір білдірді. "Ондай атақ тәжірибеде бар. Ол атақты өзі сұрап алмайды, лектор немесе бір адамның шешімімен шығарылмайды. Мұндай атақтың берілуі университеттің ғылыми кеңесінде қаралады. Ғылыми кеңес мүшелері дауыс беріп, шешім шығарады. Ғылыми кеңесте 20-дан астам адам болады. Солардың барлығының келісімімен ғана беріледі. Ол атақты алған адам үкіметтің, университеттің тарапынан ешқандай жалақы алмайды. Қолы бос кезде студенттерге лекция оқуға рұқсаты бар. Ералы Лұқпанұлы заң ғылымдарының кандидаты, саясаттану ғылымдарының докторы. Ол кісінің монографиялары, ғылыми жұмыстары бар. Архивтерде, кітапханаларда сақтаулы", - дейді Ақтөбе облыс әкімдігінің ресми өкілі Ержан Байтана.  Ержан Байтананың сөзінше, Ералы Тоғжанов коронавирус пандемиясы кезінде үлкен жұмыстар атқарған. "Ералы Лұқпанұлы пандемия кезінде мемлекет басшысының тапсырмасымен ведомоствоаралық комиссиясының отырыстарында төрағалық етті. Инфекциялық ауруханаларды өзі жіті аралап, отандастарымызды шетелден алып келуге, өлім-жітімді азайтуға қатысты көптеген шешім қабылдап, көптеген жұмыс істеді. Елді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, ешкімнің қолы жетпей тұрған кезде вакцинаны елге жеткізу бойынша келіссөздер жүргізді. Сонымен қатар дәрігерлермен қоян-қолтық кеңесіп, шешімдер шығарды. Емдеу, коронавирусты анықтау хаттамалары ведомоствоаралық комиссияда қабылданды. Сол хаттамаға сүйеніп дәрігерлер жұмыс істеді. Қиын-қыстаудан бәріміз өттік. Бір ғана адамның емес, бүкіл халықтың еңбегі. Сондықтан да бүкіл университеттінің шешіміне, университеттің ғылыми кеңесінің шешіміне ешкім қарсы шыға алмады. Шешім шығарды. Олар "Құрметті профессор" атағын берді. Айлық та, мақтангершілік те жоқ", - дейді Ержан Байтана.